Петропавл балабақшаларында қазақ тіліндегі топтар жеткіліксіз. Қаладағы 49 балабақшаның тек төртеуі ғана толық мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді екен. Осы мәселеге қатысты Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев өз пікірін білдіріп, «әр балабақшада қазақ тобы болуы керек» екенін атап өтті, деп жазады Qazaqstan Media.
Қала басшысы тілшілермен арнайы кездесу өткізіп, ресми форматта болмаса да, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Журналистер әсіресе соңғы уақытта облыс емес, республика көлемінде жиі айтылып жүрген — қазақ тіліндегі балабақшалардың тапшылығы туралы сұрақ қойды.
Петропавлда барлығы 49 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның төртеуі ғана толық мемлекеттік тілде қызмет көрсетсе, 19 балабақша — орыс тілінде, қалғандары — аралас режимде жұмыс істейді. Қала әкімі осы мәселеге қатысты өзі пікірін айтып, нақты түсініктеме берді.
«Биыл біз Уәлиханов көшесінде жаңа балабақшаның құрылысын бастаймыз. Оны Қазақстан халқына қоры қаржыландырады. Бұл балабақша аралас болады. Ал Жас Өркен ауданындағы балабақша 100 пайыз қазақ тілінде жұмыс істейді. Мәселені шешу үшін облыстық білім басқармасымен бірлесіп әрекет етеміз. Тілді меңгеру балабақшадан басталады. Әр балабақшада қазақ тобы болуы керек», — деді Серік Мұхамедиев.
Тағы оқыңыз: Мамандардың ескертуін елемей жолға шыққандарға төленетін айыппұл көлемі өседі

