Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің СҚО бойынша өкіліне құқығымыз қорғалмай жатыр деген өтінішпен 106 адам жүгінген. Олардың басым бөлігі сотталған тұлғалардан келіп түскен, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Адам құқықтары бұзылды деген ақпарат немесе шағым түскен кезде, бірден тексеріс жүргізіледі. Мұндай мәселені әсіресе, темір тордың ар жағында отырғандар жиі көтеретін көрінеді. Мысалы, жыл басталғалы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің СҚО бойынша өкілі Жанат Жұмабаевқа өз өтінішін айтып 106 адам жүгінген. Мұның ішінде азаматтарды қабылдау бырысында айтылған және жекеге жазылған шағымдар да бар.
«Келіп түскен өтініштердің басым бөлігі, яғни 36,7 пайызы сотталғандардың түрмедегі жағдайға келіспеушілігіне қатысты. Оның ішінде қамау режимінің бұзылуына, соттың күшіне енген шешіміне, судялардың іс-әрекетіне, сот сараптамалардың жүргізілуіне, өтішінхаттардың қаралуы мен уақытша қамау изоляторындағы ұстау жағдайымен келіспеушілер көп. Кейбірі медициналық көмекке де шағымданып жатады. Бірақ, көбіне бұл фактілер орынсыз екені анықталады», — дейді адам құқықтары жөніндегі уәкілдің СҚО бойынша өкілі Жанат Жұмабаев.
Сонымен қатар әлеуметтік мекемелерде тұратын жандар, яғни қарттар мен жетім балалардан да шағымдар түседі. Олар көбіне әлеуметтік көмек, өтемақының төленуіне қатысты арызданатын көрінеді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда өзін газ баллонымен жарып жіберген қария көз жұмды