Ғабит Мүсірепов ауданының Возвышенка ауылында жаңа медициналық пункт салынып жатыр. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов нысанның құрылыс жұмысымен танысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Медициналық пункт Возвышенка ауылы тұрғындарының көптен бергі арманы. Себебі, ауылда жыл санап халық саны артып келеді. Елді мекен де күн санап дамуда.

«Қазір Возвышенкада 305 адам тұрады. Оның 98-і балалар, төртеуі кішкентай сәби. Яғни, ауыл тұрғындарына медициналық пункт ауадай қажет», – дейді ауданның бас дәрігері Виталий Авраменко

Айта кетейік, осыған дейін ауылда мүлдем медициналық нысан болмаған. Жергілікті фельдшер тұрғындарды жалдамалы ғимаратта қабылдаған. Сол себепті де, Возвышенка ауылының тұрғындары үшін медициналық пунктің салынуы айтулы оқиға.

Ғ. Мүсірепов ауданнының Возвышенка ауылында жаңа медициналық пункт қолданысқа беріледі

Жаңа мамандандырылған ғимаратта манипуляция, емдеу, егу бөлмелері мен құрал-жабдықтарды сақтайтын арнайы орын да болады. Пункт толықтай заманауи стандарттарға сай жабдықталмақ. Сонымен қатар, мұнда тұрғындар игілігі үшін дәріхана да ашылатын болады. Қазір оның қалай жұмыс істейтіндігі шешіліп жатыр. Аумағы 205 шаршы метр болатын фельдшерлік пункт бір қабатты болады.  Мамандардың бағалауынша, қазіргі уақытта оның дайындығы 90 пайызды құрайды. Жобаны белгіленген мерзімінде тапсыру мақсатында қазір құрылыс басында 20 адам жұмыс істеп жатыр. Олар ғимараттың айналасын абаттандырып үлгерген. Алайда толассыз жауған жаңбырдың кесірінен нысанның маңайына асфальт төсеу жұмыстары ұзаққа созылып кеткен. Мердігер компания медициналық пункт белгіленген мерзімінде аяқталатынына күмән келтірмейді. Өйткені, аталған жобаға жергілікті кәсіпкер жауапты. Ол — «ПМК 5» ЖШС. Аталмыш серіктестік өзін сенімді компания ретінде көрсете білген. Былтыр олар Ломоносовка ауылында да дәрігерлік амбулатория салған екен.

«Медициналық пункт құны 206 миллион теңгені құрады. Бұл сомаға барлық құрал-жабдықтарда сатып алынады. Ауылда ашылатын жаңа фельдшерлік пункте екі дәрігер қызмет көрсетеді. Яғни, жаңа жұмыс орындары ашылады», — деді ауданның бас дәрігері.

Жергілікті билік тұрғындарға қажетті медициналық көмек толық әрі сапалы түрде көрсетілуіне бар жағдай жасауда. 2023 жылы аудандық аурухананың перзентхана бөлімі күрделі жөндеуден өтті. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 70 миллион теңге жұмсалған. Дәл осы маңызды нысанның жұмысымен бүгін облыс әкімі танысты. Бөлімше балалар мен ересектерге арналған арнайы реанимация құрылғылармен толықтай жабдықталған. Бұл жерде бір мезетте 15 ана сәбилерін дүниеге әкеле алады.

Ғ. Мүсірепов ауданнының Возвышенка ауылында жаңа медициналық пункт қолданысқа беріледі

«Бөлімшеде екі маман жұмыс істейді. Айта кетейін, бүгін түнде ауруханада салмағы 4,2 келі болатын ұл бала дүниеге келді. Нәрестенің есімін ата-анасы Радмир деп қойды», — деді Виталий Авраменко.

Сондай-ақ аймақ басшысына аудандық ауруханадағы функционалды диагностикалық ФГДС және колоноскопия кабинеттерінің жұмысы таныстырылды. Ғауез Нұрмұхамбетов аппараты жақында жаңартылған УДЗ кабинетінің де жұмысын көрді. Ауруханада тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы заманауи, жоғары санатты қондырғылар әкелінген. 37 мыңға жуық адамға қызмет көрсететін емдеу мекемесіне жыл соңына дейін тағы бір құрылғы жеткізілмек.

Ғ. Мүсірепов ауданнының Возвышенка ауылында жаңа медициналық пункт қолданысқа беріледі

«Амбулаториялық емдеуде жатқандар стационарлық науқастармен араласпауы керек. Ал емханада барлық диагностика әлі күнге дейін 2000-шы жылдардағы ескі құрылғылармен жүргізіледі. Әрине, оларды да жаңарту қажет», — деді  Виталий Авраменко.

Жалпы, аудандық ауруханада маман тапшылығы жоқ. Бірақ ауылдарда орналасқан екі медициналық пункт, яғни Андреевка ауылындағы былтыр күрделі жөндеуден өткен дәрігерлік амбулаторияға жалпы тәжірибелік дәрігер қажет. Ал Целинное елді мекенінде зейнетке шыққан дәрігердің орнына жас маман алу керек.

Тағы оқыңыз: Петропавлдық қос блогердің ісі: Прокурорлар апелляциялық шағым түсірді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *