Ғ. Мүсірепов аудандық соты жаңа ғимаратқа көшті. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев және Қазақстан Республикасы сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Осыған дейін Ғ. Мүсірепов аудандық соты ескі ғимаратта отырған. Апатты деп танылған нысанның қабырғасы осыдан 50 жылға жуық уақыт бұрын қаланған екен. Сондықтан мұнда жаңа нысан салу туралы шешім қабылданған.
«Біз жаңа ғимараттың ашылуын ұзақ күттік. Екі қабатты нысан заман талаптарына сай салынған. Мұнда сот қызметкерлері, азаматтар мен процеске қатысушылар үшін барлық жағдай жасалған», — деді Ғабит Мүсірепов аудандық сотының төрағасы Гүлжанат Балғабекова.
Аудандық сот ғимаратының ашылу салтанатына облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев және Қазақстан Республикасы сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты.
«Бұрынғы сот ғимаратының маңында дүкендер мен көңіл көтеру орындары орналасты. Ол әрине, сот қызметкерлері мен азаматтарға кедергі келтірді. Оның үстіне ғимарат та ескі болатын. Сондықтан сіздерді жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын. Бұл нысанда сапалы қызмет көрсетуге арналған фронт-офис, заманауи сот залдары, сондай-ақ, прокурор, қорғаушы, судьяларға арналған кабинеттер бар. Олардың барлығы қауіпсіздік жүйесі және қажетті техникамен жабдықталған», — деп мәлімдеді сот ғимаратының ашылуына келгендерді құттықтаған Қазақстан Республикасы сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров.
Жаңа сот ғимараты республикалық бюджет есебінен салынған. Оның құрылысы 2023 жылдың қыркүйек айында басталды. Бір жыл ішінде бой көтерген нысан елді мекенге ерекше көрік беріп тұр.
«Құрметті аудан тұрғындары, сіздерді облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетовтың атынан жаңа сот ғимаратының ашылуымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы сот саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан бұл жер адам құқығы мен бостандығы қорғалатын әділдік пен заңдылықтың мекені болсын. Мұнда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетілетіндігіне сенімдімін», — деді Руслан Әлішев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да өрт сөндіру станциялары талаптарға сай емес