Олар құтқарушы формасын кимейді, шақыртуға шықпайды. Бірақ дәл осы адамдармен қала тұрғындары қиын сәтте байланысады. iKOMEK 109 қызметі — көрінбейтін майдан, мұнда күн сайын тұрмыстық мәселелерден бастап төтенше жағдайларға дейін жүздеген қоңырау қабылданады. Маман тек тыңдай білу емес, сабыр мен жанашырлық таныта білуі де маңызды. Әрбір қоңыраудың артында — адам тағдыры, өтініш немесе алаңдаушылық. Әрбір қоңырау — «жаныңда әрдайым сені тыңдайтын адам бар» деп еске салуы тиіс, деп жазады Qazaqstan Media.

Бірыңғай байланыс орталығы iKOMEK 109 — бұл тұрғындар мен қаланың коммуналдық қызметтері арасындағы өзара іс-қимылдың заманауи платформасы. Қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Барлық өтініштер электронды тізілімге тіркеліп, тіркеу нөмірі беріледі және тиісті мекемелер мен кәсіпорындарға белгіленген мерзім ішінде шешу үшін жіберіледі.

Сабина Ахмет — бірінші желінің операторы. Ол бұл қызметте 2020 жылдан, яғни, пандемия басталған кезден бері жұмыс істейді. Ел карантинде болған уақытта Сабина ең күрделі кезеңде жұмысқа тұрғанын еске алады.
Сол кезде толассыз операторларға үлкен жүктеме түскен екен.

Өмірді құтқаратын қоңырау: Петропавлдағы iKOMEK 109 желісінде кімдер жауап береді?
Өмірді құтқаратын қоңырау: Петропавлдағы iKOMEK 109 желісінде кімдер жауап береді?

«Мен жұмысқа орналасқан сәтте блок-бекеттер қойылып, шектеулер енгізілген еді. Бұл — ең қарбалас кезең болатын. Күніне үш мыңға дейін қоңырау келіп түсетін. Таңертеңгі тоғызда жұмысқа отыратынбыз, кешке дейін қоңыраулар тоқтамайтын», — дейді Сабина.

Қоңыраулардың көптігіне қарамастан, Сабина жаңа жұмысқа тез бейімделген. Бұған дейін ол шығармашылық саласында — балаларға хореографиядан сабақ берген. Қазір екі мамандықты қатар алып жүр. Оған қазіргі жұмысы ұнайды, себебі ол адамдарға көмектесіп, халықпен үнемі байланыста болады.
Жылдар бойы Сабина мыңдаған қоңырау қабылдаған. Оның ішінде қарапайым сұрақтардан бастап өмірге қауіп төнген жағдайларға дейін бар. Бір оқиға оның есінде ерекше сақталған:

«Бір түні қыз қоңырау шалды. Өміріне қауіп төніп тұрғанын айтты. Ол біздің өңірден емес, Ақмола облысынан екен. Мен бірден ақпаратты 102 пультіне жібердім, сол жерге жедел топ барды. Кейін маған тергеуші хабарласып, бәрі жақсы аяқталғанын айтты. Қорқынышты болды, бірақ мен жылдам әрекет еттім», — дейді оператор.

Көптеген өтініштер кеңес сипатында болады. Көбінесе тұрғындар жол мен тротуарларға құм-тұз қоспасымен себу, қаңғыбас жануарларды ұстау және аумақтарды абаттандыру туралы сұрайды. Сондай-ақ мердігер ұйымдардың жұмысына шағымдар жиі түседі.

Сабинаның айтуынша, кейде адамдар жай ғана сөйлескісі келіп қоңырау шалады, әсіресе жалғызбасты зейнеткерлер.

«Бізде үнемі хабарласатын әжелер бар. Олар жай сөйлесіп, хал-жағдай сұрайды, өз ойларын бөліседі. Біз оларды дауысынан танимыз», — дейді ол.

Байланыс орталығының қызметкерлері әрқашан кезекшілікке дайын болуы керек Сабина да әріптестері сияқты ауысымдық кесте бойынша жұмыс істейді. Тіпті ол жаңа жыл түні де кезекшілікте болған.

«Жаңа жыл түні әдетте тыныш өтеді, қоңырау аз түседі. Ал бірінші қаңтарда барлық қызметтерге жұмыс көбейеді. Тұрғындар травмпункт нөмірін сұрайды, тұрмыстық мәселелер бойынша хабарласады. Қаланың қырағы тұрғындары сынған аялдамалар мен аударылған қоқыс жәшіктерін хабарлайды. Барлық өтініштер тіркеліп, екінші желі операторларына жіберіледі, олар тиісті қызметтерге жолдайды», — дейді Сабина.

2022 жылдың наурызында ЖЭО-2-де апат болған кезде қызметкерлер үшін ең қиын кезеңдердің бірі болды. Мұржа құлап, қаланың бір бөлігі жылусыз қалды.

«Қоңыраулар өте көп болды. Біз қосымша ауысыммен жұмыс істедік. Ақпаратты қала басшылығына жедел жеткізіп отырдық. Бұл бәріміз үшін маңызды еді. Біз әрқашан біртұтас механизм сияқты жұмыс істейміз», — дейді ол.

Сабина өз жұмысын адамдарға қолдау сезімін беретін іс деп санайды. Бұл қызмет оған сабыр, зейін және адамгершілік қасиеттерді үйреткен.
Ал егер Сабина — бірінші желінің «дауысы» болса, Сағдат Сахратова — келесі кезеңде өтініштерді өңдейтін адам. Ол екінші желі операторы ретінде он екі жылдан астам уақыт бойы қала тұрғындарына көмек көрсетіп келеді.

Осы жылдар ішінде Сағдат өз ісінің нағыз маманына айналды. Ол жүйенің қалай дамығанын, жетілгенін көрді және бүгінде тұрғындарға түрлі мәселелерін шешуге көмектесіп келеді. Көкшетаудан Петропавлға көшіп келген соң бірден осы жұмысқа орналасқан, содан бері өз ісіне адал.

Өмірді құтқаратын қоңырау: Петропавлдағы iKOMEK 109 желісінде кімдер жауап береді?
Өмірді құтқаратын қоңырау: Петропавлдағы iKOMEK 109 желісінде кімдер жауап береді?

«Біз ақпаратты өңдеп, оны орындаушыларға жібереміз. Ал олар мәселені шешуге тиіс. Мерзім әртүрлі — бір күннен он күнге дейін, ал төтенше жағдайда бәрі жылдам орындалады», — дейді маман.

Күніне Сағдат жүздеген өтініш қабылдайды. Көбіне бұл тұрғын үй-коммуналдық мәселелер — су, жарық, жылу үзілістері, ақаулар мен апаттар. Бірақ кейде күтпеген сұрақтар да түседі.

«Кейде адамдар қаңғыбас жануарлар туралы хабарлайды. Мұндай жағдайға дайын болмасаң да, бәрібір көмектесу керек», — дейді ол.

Орта есеппен Сағдат күніне жүзге жуық өтініш өңдейді. Ал апатты жағдайларда бұл сан екі-үш есе көбейеді. Ерекше қиын кезең — су тасқыны кезінде болған.

«Маған өз жұмысым ұнайды. Осы 12 жыл ішінде менің өмірімнің бір бөлігіне айналды. Ең бастысы — сабыр мен тыңдай білу. Кейде адамға жай ғана оны тыңдап, түсінген жеткілікті», — дейді Сағдат

Сағдат Сахратованың тәжірибесі мен адалдығының арқасында қала тұрғындарының мәселелері жедел әрі тиімді шешіледі. Мұндай адамдар — көзге көрінбейдң, бірақ қала тыныштығы мен тұрақтылығы олардың жұмысына тікелей байланысты.

Биылғы жылдың басынан бері жағдайлық орталыққа 21 464 өтініш түскен, оның ішінде:
* 13 735 — кеңес алу,
* 1 277 — шағым,
* 6 422 — инцидент,
* 18 — алғыс,
* 12 — ұсыныс.

Бұрын ең өзекті тақырыптардың бірі — қоқыс шығару болған. Алайда соңғы айларда жағдай айтарлықтай жақсарды. Жазда қоқыс павильондарында жасанды интеллект жүйесі бар камералар орнатылды.

Бұл iKOMEK 109 мамандарына контейнерлердің толу деңгейін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берді. Соның арқасында тасымалдаушы компаниялар қоқысты уақытылы шығарады. Ал бұл бағыттағы шағымдар саны іс жүзінде нөлге дейін азайды.

iKOMEK 109 қызметіне 109 нөмірі бойынша (мобильді және стационарлы телефондардан тегін) хабарласуға болады. Сондай-ақ WhatsApp арқылы +7 (771) 091-09-00 нөміріне немесе Instagram @ikomek_petropavl
парақшасына жаза аласыз.

Тағы оқыңыз: СҚО-да есірткіге қарсы акция басталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *