Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевтың төрағалығымен өңірде білім мен ғылымды дамыту, сондай-ақ осы салаларға инновациялық технологияларды енгізу мәселелері жөнінде жиын өтті. Отырыста экология мәселесі де қаралды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ғылым бағыты бойынша аймақтағы басты орталық — Қозыбаев университеті. Бүгінде қара шаңырақ қызметкерлерінің қатысуымен, бейінді министрліктің қаржы бөлуімен және кәсіпкерлердің қолдауымен 15 жоба жүзеге асырылуда. Оның 11-і гранттық қаржыландыру аясында, ал 4-еуі «Жас ғалым» конкурсы бойынша қолдау тапқан.
«Университет ғылыми қызмет нәтижелерін іс жүзінде қолдануға және коммерцияландыруға бағытталған ғылыми бастамаларды іске асыруға белсенді қатысуда. Мәселен, бүгінде «СК Протеин» серіктестігімен бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бұл жоба ауыл шаруашылығына негізделген. Біз ірі қара малдың азығына қосылатын жоғары сапалы протеиндік ақуыз өндіргіміз келеді», — деді М.Қозыбаев атындағы СҚУ ғылым және инновациялар жөніндегі басқарма мүшесі.
Тағы бір маңызды нәтиже ретінде жеке инновациялық серіктестіктің құрылуын айтуға болады. Қазіргі таңда озық ойлайтын жастарымыз су айдындарын тазарту жобаларын жүзеге асыруда. Петропавл сыртындағы биотоғанды барлығы біледі. Бұрын одан жағымсыз иіс тарайтын, қазір жағдай өзгерді. Бұған білімді мамандарымыз күш салды.
«Серіктестігіміздің өз жұмысын бастағанына сегіз жылға жуықтап қалды. Қарқынды даму үстіндеміз. Еліміз бойынша төрт филиалымыз бар. Биыл біз өзіміздің технологиямызға ұлттық стандарт алдық. Петропавлдағы маңызды жобаның аяқталғанына 3 жылдай уақыт өтті. Бұрын иіс тарайтын тоғанда қазір балықтар бар. Судың тіршілік иелеріне еш зияны жоқ», — «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС директоры Александр Рейбанд.
Бұдан бөлек, ғылым мен білімді түйістірген орталық өкілдері климаттық жобаны өмірге әкелді. Нәтижесінде «Қызылжар су» ұйымына қарасты су айдынында ауаға таралатын парниктік газдарды азайтатын көміртегі бірліктері пайда болуда. Бұл әлем қажет ететін дүние екен. Болашақта ол саудаға да шығарылмақ.
Тағы оқыңыз: Назарбаев Зияткерлік мектебі маңында автотұрақ жоқ

