Солтүстік Қазақстан облысында күзгі әскерге шақыру науқандарының қорытындысы шығарылды. Биыл өңірден жүздеген жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Күзгі шақыру 1 қыркүйекте басталып, желтоқсан айының соңына дейін жалғасты. Осы аралықта 18 бен 27 жас аралығындағы 470-тен астам өңір тұрғыны Қазақстанның әртүрлі әскери құрылымдарының қатарына қабылданды. Барлық шақырылушылар толық медициналық және психологиялық тексеруден өтті. Өңірлік әскери комиссияның мәліметінше, жоспар толық орындалған.
Ал көктемгі науқан барысында 507 жас шақырылып, оның 432-сі әскери қызметке жөнелтілген еді. Бұл жоспардың 85 пайызын құрайды. Оның ішінде 390-ға жуығы ҚР Қарулы күштеріне, 17 азамат ТЖМ-ге, алтауы Мемлекеттік күзет қызметіне, 12 жас ҰҚК Шекара қызметіне жіберілген.
2025 жылдан бастап әскерге шақырудың жаңа тәртібі енгізілді. Енді азаматтардың ұялы телефондарына келетін SMS-хабарлама ресми әрі заңды ескерту болып саналады. Хабарлама алған жас үш күн ішінде әскери комиссариатқа барып, медициналық тексеруден өтуі тиіс.
Қазіргі таңда облыста шамамен 1720 азамат әскерге жарамды деп танылған. Оның 350-і толық жарамды болса, қалғандары шектеулі жарамдылықпен тіркелген. Ал әскерден уақытша босатылғандардың саны 11 мыңнан асады. Олардың басым бөлігі – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері.
Тағы оқыңыз: Петропавл көшелерін қардан 170 техника тазалап жүр

