67 жастағы Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтардың кезекті құрбанына айналды. Ол пәтерін 15 млн теңгеге сатып, барлық ақшаны бейтаныс адамдарға берген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Алаяқтар ер адамға шамамен үш апта бойы психологиялық қысым көрсеткен. Қулар оны «арнайы операцияға» қатысып жатырсыз деп сендіріп, бұл туралы ешкімге тіс жармауын сұраған. Үнсіз жүрумен қатар, зейнеткерге тұрып жатқан пәтерін шұғыл түрде сату қажет деп айтқан
Өкінішке қарай, Петропавл тұрғыны алаяқтардың айтқанның бірін қалдырмай орындап, ақшаны шотқа салған. Сол сәтте зейнеткер жайлы бар ақпарды біліп алған алаяқтар 15 млн теңгені жымқырып ізім-қайым жоқ болады.
Қарт адам депрессияға түсіп, бірнеше күн байланысқа шықпай жүреді. Алаңдаған көршілері полицияға хабар берген. Құқық қорғау органдары зейнеткердің үйіне барып, мән-жайды анықтаған.
«Зейнеткер, бейтаныс адамдардың өзін арнайы операцияға қатысып жатырсыз, деп сендіргенін айтты. Алаяқтардың нұсқауымен ол пәтерін сатып, 15 миллион теңгеден астам ақшаны тасымалдаушыға беріп жіберген. Бұл келеңсіз оқиғаның тергеу жұмыстары облыстық ПД басшылығының ерекше бақылауында», – деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Полиция деректеріне сүйенсек, жыл басынан интернет-алаяқтықтың 432 фактісі тіркелген. Келтірілген шығын көлемі 805 миллион теңгеден асып жығылады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да сотталған 22 әйел диплом алды