Солтүстік Қазақстан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі тек қана төтенше оқиғалар хроникасында емес, құқық қорғау органдарының күн тәртібінде де жиі көтеріледі. Құрғақ статистика артында шынайы қайғылы жағдайлар тұр. Мамандардың пікірінше, отбасылық-тұрмыстық қылмыстарды азайтудың бір жолы – алкогольден бас тартып, толықтай салауатты өмір салтын ұстану, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Орташа «отбасылық агрессордың» портреті бұрыннан белгілі. Ол – 30–50 жас аралығындағы, әлеуметтік жағдайы төмен не тұрақсыз, жұмыссыз, өзін-өзі бақылауы нашар ер адам. Жұмыста, дүкенде немесе көшеде «қалыпты» болып көрінуі мүмкін. Бірақ үйде мүлде басқа кейіпке енеді. Оның ашуы ең алдымен отбасының ішіне бағытталады. Ең көп зардап шегетін – әйелі мен балалары.
Көбінесе агрессияны алкоголь оятады. Құқық қорғау органдарының дерегінше, қылмыстық құқықбұзушылықтардың 78 пайызы, ал әкімшілік істердің шамамен 40 пайызы мас күйінде жасалады.
«Ішті – ұрды – түрмеге түсті» деген тұйық шеңберді бұзудың бір жолы – ішімдіктен толық бас тарту. Солтүстік Қазақстан облысында 2022 жылдан бастап бүтіндей ауылдар спирттік ішімдікті қолданбауға шешім қабылдаған. Полицейлердің айтуынша, мұндай елді мекендерде ауыр және аса ауыр қылмыстар тіркелмейді. Ең бастысы, тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары орын алмайды.
Алғашқылардың қатарында Тайынша ауданының Теңдік, Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Ковыльное ауылы, Айыртау ауданының Бірлестік және Қарасай батыр ауылдарының тұрғындары ішімдіктен түбегейлі бас тартты. Содан бері алкогольсіз күн көріп келе жатқан ауылдардың саны артып келеді. Дегенмен, жалпы картада мұндай елді мекендер әлі де аз.
«Облыс бойынша алты айдың қорытындысында – небәрі 19 ауыл. Белсенділікті арттыруды қатаң ұсынамыз», – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Александр Трикачев.
Бұл бастаманы координациялық кеңесте облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов толық қолдады. Сондай-ақ ол Петропавл қаласындағы тәулік бойы алкоголь сататын орындардың проблемасына ерекше тоқталды.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында ер адам кәсіпорында ауыр жарақат алды