СҚО-ға жұмыс сапарымен келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Есіл ауданына арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Бас қосуға «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» тақырыбы арқау болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жасанды интеллектіні дамытпай жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Мемлекет басшысының бұл бастамасын есілдік диқандар қос-қолдап қолдайды. Еңбеккерлер заман игіліктерінің арқасында зор жетістіктерге жетіп жүр.
«Биыл 9 мың 200 гектар алқапқа дән септік. Орақ науқанын 90 пайызға аяқтадық. Орташа шығымдылық 24 центнерді құрайды. Зор жетістікке жетуіміздің бірден-бір себебі — «Cooperations» қосымшасы. Заман игілігінің арқасында үйде отырып-ақ алқаптағы жағдайды біліп отырдық. Осы арқылы егініміздің бітік шығуына арналған түрлі жұмыстар атқарылды», — деді «Агрофирма Есильская» ЖШС директоры Серік Женапинов.
Келелі кездесу барысында Есіл ауданына қарасты ауылдық округтердің даму қарқыны баяндалды. Мәселен, қазіргі таңда Петровка ауылдық округінде 3 ауыл бар. 1200-ден астам адам тұрады.
Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Себебі, елді мекендерде тұрғындарға бар жағдай жасалған. Биыл ауылдардың барлығы орталықтандырылған сумен қамтылады. Халықтың әл-ауқатын арттыратын әлеуметтік нысандар да бой көтерген.

«Биыл Петровка ауылында жаңа медициналық пункт салынды. Мектебіміз күрделі жөндеу жөндеу көрді. Өткен жылы хоккей кортын қолданысқа бердік. Бірер күнде балаларға арналған спорт алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Бірлік ауылына кіреберіс бес шақырым жол жөнделуде. Қазіргі таңда мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр», деді Петровка ауылдық округінің әкімі Оралбек Қонқабаев.
Шара барысында тұрғындар ардагерлер мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті. Мәлік Нұржанұлы бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Себебі, ақсақалдар мен ақжаулықтылардың кеңесіне құлақ асқан жас ешқашан түзу жолдан таймайды. Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев тұрғындарға, бірлігіміз бен тірлігіміз жарасса толағай табыстарға жете алатынымызды айтты.

«Президентіміз ішкі және сыртқы саясатты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Ата-бабаларымыз осындай ұлан-байтақ жерді бізге тастап кетті. Оны көздің қарашығындай сақтау — әр қазақстандықтың басты міндеті. Сол себепті, бәріміз бірігіп, мемлекетіміздің дамуына үлесімізді қосайық», — ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық палуан республикалық турнирде топ жарды!