Петропавлда Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов өңір тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аймақтың энергетикалық әлеуетін арттыру, жылу мен жарық жүйелерін жаңарту жөнінде пікір айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

СҚО-ға ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов келді. Ол қала тұрғындарымен кездесіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап берді.

«Петропавл қаласында ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражаты жеткіліксіз. Энергетикалық желілердің тозуына байланысты біз әкімдікпен бірлесіп, қажетті қолдауды ұйымдастырып отырмыз. Бұл жәрдем жылу магистральдарын салу және басқа да маңызды инфрақұрылымдық жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталған, — деді Сұңғат Есімханов.

Еліміздің энергетика саласында мәселе көп. Солардың кейбірі кездесуде көтерілді. Жақында аймақты көгілдір отынмен қамтитын кәсіпкерлер тығырыққа тірелді. Бірнеше газ құю бекетіне иелік ететін Азамат Омаров вице-министрге соңғы айларда тапшылық орын алып, халық пен шаруалар қиналғанын айтты.

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті

«Бүгінгі таңда облыстағы ең өзекті мәселенің бірі — газдың өткір тапшылығы. Бұл проблема сіздерге де таныс шығар? Қазан айында бізге 576 тонна көгілдір отын бөлінсе, ал сатылған көлем 1300 тоннаны құрады. Яғни, біз қосымша сұрау жолдап, жоғары бағаға газ сатып алдық. Қазір өткір тапшылық тек біздің компаниямызда емес, басқа да ұйымдарда байқалады. Осы орайда министрлік қолдау көрсете ала ма?», деді кәсіпкер Азамат Омаров.

Сұңғат Есімханов мәселеден хабардар. Ол тапшылықтың уақытша құбылыс екенін айтты.

«Қазіргі таңда газдың тапшылығы бүкіл елде сезілуде. Қазақстанда көгілдір отын шектеулі мөлшерде ғана өндіріледі. Ол алдымен әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінеді. Сіздер сияқты кәсіпкерлер квота бойынша алады. Жетпеген жағдайда коммерциялық бағамен сатылады. Ол түсінікті жайт. Өзекті мәселені шешу үшін елімізде газ өңдеу зауыттарын салу жұмыстары басталды. Болашақта тапшылық болмайды деп сенеміз», деді вице-министр.

Кездесу соңында энергетика министрлігі өкілдері өңірдің энергия және газ қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қазіргі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған кешенді жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті. Жылу мен электр желілерін жаңарту, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды тұрақты энергиямен қамту басты назарда болмақ.

Тағы оқыңыз: Тимирязев ауданында кәсіпкер өз-өзіне оқ атты

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *