Қозыбаев университетінде күкірттен инновациялық полимерлік материалдар әзірленетін болады. Бастаманы америкалық профессорлар жүзеге асырмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жергілікті университет 2022 жылы Аризона университетімен серіктестік орнатты. Бұл теріскейлік жастарға әлемдік деңгейде білім алуға зор мүмкіндіктер жолын ашты. Бүгінгі таңда студенттер бірнеше бағытта оқуда. Онымен қоса, бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі су сапасын тексеруге қатысты.
«Жобаны жүзеге асыруға бірнеше маман тартылған. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарынан 10 докторант және АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Қытай елдерінің сарапшылары қатысуда. Жоба аясында Kozybayev Lab атты қуатты ғылыми-технологиялық зертханалық кешен құрылмақ. 2026 жылдың басында ауыр металдар мен микроорганизмдерге талдау жүргізуге арналған жылжымалы су зертханасы жабдықталады. Бұл бізге толық талдау циклін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді М.Қозыбаев атындағы СҚУ PhD профессоры Дмитрий Берилло.
Сонымен қатар, келесі жылы Аризона университетінің профессоры Джеффри Пьюннің жетекшілігімен қарапайым күкірттен инновациялық полимерлік материалдарды әзірлеу жобасы жүзеге асырылмақ. Кері вулканизация технологиясы күкіртті жоғары құнды өнімдерге айналдыруға мүмкіндік бар.
«Бұл елімізге күкірт қалдықтарынан туындайтын экологиялық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экспортқа бағытталған жаңа өндірістер құру мен химия және ауыл шаруашылығы салаларындағы қосылған құнды арттыруға жол ашады», — М.Қозыбаев атындағы СҚУ агротехнологиялық факультетінің деканы Алтын Шаяхметова.
Жалпы, бүгінгі таңда Петропавлда 11 бірлескен және 5 қос дипломдық бағдарлама бойынша 1200-ден астам студент білім алуда.
Тағы оқыңыз: СҚО-да барлық деңгейдегі ауыл әкімдері бас қосты

