Биыл қазақстандық шаруалар дәнді дақылдармен қатар, бұршақты және майлы дақылдардан рекордтық өнім алды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында баяндады, деп жазады Qazaqstan Media.
«Биыл тек дәнді дақылдар бойынша ғана емес, сонымен қатар бұршақты және майлы дақылдар сияқты жоғары рентабельді әрі сұранысқа ие дақылдар тұрғысынан да рекордтық жыл болды. Бұл дақылдарға егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ерекше назар аударылды», — деді Айдарбек Сапаров.
Республика бойынша астық жинау науқаны аяқталды. Диқандар 16 млн гектар алқаптан гектарына 17 центнер орташа өнімділікпен 27 млн тонна астық қамбаға құйғпн. . Бидай 12,2 млн гектардан жиналып, 20,3 млн тоннасы бастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жарты млн тоннаға көп.

Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде бидайдың егіс көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарған. Бірақ, өндіріс көлемі азаймай, керісінше артыпты.
«Төрт млн тоннаға жуық арпа жиналған. Бұршақ дақылдарының түсімі алғаш рет бір млн тоннаға жетті. Майлы дақылдар бойынша бүгінгі күннің өзінде рекордтық 4,3 млн тонна жиналды және егін жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар 2,9 млн тонна картоп, 3,8 млн тонна көкөніс, 2,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Мақта жинау жұмыстары аяқталды. Тамшылатып суаруды қолдану нәтижесінде кейбір шаруашылықтар гектарынан 50 центнерге дейін өнім алды»,- деді министр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ауыл ішінде велосипедшіні көлік қақты

