Елімізде міндетті әскери қызметті алып тастауды талап ететін петиция жарияланды. Әзірге құжатқа 50 қазақстандық қол қойған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Петиция бүгін, яғни 9 қыркүйек күні epetition.kz сайтында жарияланған. Құжат авторлары, соңғы кездері әскери салада болып жатқан қайғылы оқиғалар мұндағы олқылықтардың барын көрсетеді дейді.
«Әскердегі қайғылы оқиғалардың негізгі себептерінің бірі — әлімжеттік. Сарбаздарға қысым жиі көрсетіледі. Ал жас жігіттер мұндайға психологиялық тұрғыдан дайын емес. Сонықтан соңы қайғылы аяқталып жатады. Оның үстіне сарбаздар әскерге тиісті дайындықсыз барады. Ал қазіргі уақытта әскерге жақсы дайындалған, кәсіби мамандар қажет», — делінген петицияда.
Петиция авторлары әскердегі медициналық бақылау мен қауіпсіздік мәселесі де ақсап тұрғандығын алға тартады. Оның үстіне жас жігіттердің көбі психологиялық қысымға шыдамайды. Өйткені, тиісті қолдау көрсетілмейді әрі командирлер тарапынан болатын түсініспеушіліктер жағдайды ушықтыратын көрінеді.
«Жас жігіттердің әскерге баруға ынтасы жоқ. Өйткені, көпшілік әскери міндетті бостандығын шектейтін міндеттеме деп ойлайды. Осының барлығы әскерде жазатайым оқиғалардың болуына әкеп соғады», — делінген құжатта.
Петиция авторлары міндетті әскерді алып тастап, кәсіби армия жасақтауға шақырады. Петиция 2024 жылдың 21 қыркүйегіне дейін талқыланады. Еске сала кетейік, егер петиция 50 мың қол жинаса, қорғаныс министрлігі өтінішті қарауға міндеттеледі.
Тағы оқыңыз: Петропавлға жылу қашан беріледі?