20 қыркүйектен бастап елімізде ауыл шаруашылығы санағының екінші кезеңі өтеді. Интервьюерлер барлық елді мекенде үй-үйді аралап, деректер жинайды, деп жазады Qazaqstan Media.
Ауыл шаруашылығы санағы елімізде екінші рет өткізіліп отыр. Оның мақсаты – аграрлық саланың жағдайы туралы толық мәлімет алу, әсіресе ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер деңгейінде. Сауалнама парағы 22 сұрақтан тұрады. Онда мал мен құстың болуы, жер ресурстарын пайдалану, бақша егу, тыңайтқыш қолдану және басқа да мәліметтер сұралады.
«Біз санақтың онлайн кезеңін аяқтадық, ол кезде ауыл шаруашылығы құрылымдары мен үй шаруашылықтарының сауалнаманы sanaq.gov.kz сайтында толтыру мүмкіндігі болды. Ол кезеңге 600 мыңнан астам респондент қатысты. Енді ауқымды кезең басталды: интервьюерлер үйлерді аралап, деректерді планшет арқылы жинайды. Баршаңызды шараға белсенді қатысуға және өзекті ақпарат беруге шақырамыз. Сұрақтар қарапайым әрі тек ауыл шаруашылығы қызметіне қатысты болады. Барлық жауап статистикалық мақсатта пайдаланылады және үшінші тұлғаларға берілмейді», – деді Бюро басшысы Мақсат Тұрлыбаев.
Үй-үйді аралау жұмысына 2,5 мыңнан астам интервьюер жұмылдырылады. Олар айрықша көк түсті формада – жилет пен бейсболкада болады, бейджде жеке басын растауға арналған QR-код орналасады. Егер үй иелері үйінде болмаса, интервьюер байланыс нөмірі көрсетілген хабарландыру қалдырады.
Ұлттық статистика бюросы ақпараттың қауіпсіздігі мен құпия сақталуына кепілдік береді. Барлық жауап заңмен қорғалады, ал деректер тек жалпыланған түрде қолданылады. Сұрақтар туындаған жағдайда Бюроның байланыс орталығына 1446 нөмірі арқылы тегін хабарласуға болады.
Тағы оқыңыз: «Ақ бидай» республикалық ойыны төрт жылдан кейін СҚО өтеді