Қазақстандағы АЭС бойынша референдум: exit-poll нәтижелері

Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша өткен республикалық референдумдағы exit-poll нәтижесі жарияланды. АЭС құрылысын қолдаушылар үлесі 69,8 бен 72,3 пайыз шамасында, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Informburo агенттігіне сілтеме жасап.

Референдум кезінде бірнеше ұйымның мамандары учаскелерден шыққан адамдар арасында сауалнама өткізіп, қандай дауыс бергенін сұраған. Солардың бірі «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты». 

«Үздіксіз ағын әдістемесінің көмегімен Қазақстанның 189 учаскесінде дауыс берген 283 519 азамат қамтылды. Олардан референдум аясында қойылған «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа қалай жауап бергені сұралды. Бұл ретте, exit poll нәтижесінде АЭС құрылысын қолдап, «иә» деп дауыс бергендер саны сауалнамаға қатысқан адамдардың 69,8 пайызын құрады. Сауалнамаға қатысқандардың 30,2 пайызы келісімін бермеген. Учаскелерге келу көрсеткіші 67,3 пайыз деңгейінде тіркелді», – деді «Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты» жеке қорының талдаушысы Әлібек Тәжібаев.

Оның айтуынша, деректердің қателегі шамамен 1,5 пайыз деңгейінде. 

Қоғамдық саясат институты сайлаушылар арасында сауалнама жүргізді. Exit poll нәтижесінде қатысушылардың 72,3 пайызы АЭС құрылысын қолдаған.

«Қоғамдық саясат институты барлық өңірде экзит-пул өткізді. Сауалнама барысында 600-жен астам интервьюер мен супервайзерлер жұмыс атқарды. Экзит-пулға 44 160 азамат қатысты, сауалнама 300 дауыс беру учаскесін қамтыды», – деп атап өтті Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Медет Өмірзақов.

Оның айтуынша, сауалнаманы арнайы оқытылған кәсіби интервьюерлер жүргізген.

«Сауалнама нәтижесінде қатысушылардың 72,3 пайызы Қазақстан АЭС құрысына келісемін деп дауыс берген, ал қарама-қарсы пікірді 27,2 пайызы білдірген», – деді Медет Өмірзақов.

Еуразиялық интеграция институты республикалық референдумда еліміздің барлық өңірінде дауыс берген азаматтар арасында сауалнама жүргізді.

Дауыс берушілерге «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа қай жауап нұсқасын таңдадыңыз?» деген бір ғана сұрақ қойылды.

Exit poll таңғы 7-ден кешкі 20:00-ге дейін жүргізілді. Сауалнама 250 учаскені қамтыды, оның ішінде 159 – қалаларда, 91 – ауылдық жерлерде орналасқан. Арнайы даярланған респонденттермен face-to-face әдісі арқылы 30 546 азамат сұралды. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды.

Exit poll нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 71,8%-ы «Иә, келісемін» деп жауап берген, қалған 28,2%%-ы «Жоқ, келіспеймін» жауабын таңдаған.

Тағы оқыңыз: Петропавлда жас отбасы референдумға ұлттық киіммен келді

Поделиться:

Shares
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x