Петропавлда Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Туған жерім – Қазақстаным» атты форум өтті. Оған СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, түрлі этнос өкілдерін марапаттады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Елімізде 30 жыл бұрын нақ осы күні этносаралық қатынастарды үйлестірудің бірегей институты — Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сөйтіп, бір шаңырақ астында 120-дан астам ұлт пен ұлыс бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Осы уақыт аралығында ассамблея мүшелері талай игі бастамалардың басы-қасында жүріп, ел дамуына үлес қосты. Мұны жиналғандарға ҚХА төрағасы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізген СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те айтып өтті.

«Ассамблея жылдар бойы халқымыздың ынтымағын нығайтуға, бірлігін сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы ұйымның жұмысы арқылы еліміздегі барлық этностың тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрі үйлесімді дамуда. Сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашылды. Парламентте өкілдері бар ҚХА мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалог орнатқан тиімді құрылымға айналды. Ұйым мүшелері маңызды бастамалар көтеріп, елге қажетті жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазақстандағы ауқымды өзгерістерге барынша ат салысып келеді. Сіздер еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау және жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін аянбай  еңбек ете бересіздер деп сенемін», — делінген жазбада.

Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына үлес қосқан солтүстікқазақстандықтар марапатталды

Кейін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, өңір жетекшісі еліміздегі бірегей институттың дамуына үлес қосқан солтүстікқазақстандықтарды марапаттады. Алғыс хатқа ие болғандардың бірі – Юрий Бакай.

Ол Аққайың ауданы Полтавка ауылындағы мәдениет үйінде 40 жылға жуық уақыт жұмыс істейді. Көптеген музыкалық аспаптарда ойнайтын азамат, білгенін ауыл балаларына да үйретіп жүр. Қазір ол «Хуторок» балалар аспаптық ансамбліне жетекшілік етеді.

«Хуторок» ансамблінің құрылғанына 10 жылға жуық уақыт болып қалды. Қазір балалардың екінші легі келді. Осыған дейін топта болған балалар оқуын аяқтап, студент атанды. Сондықтан қазір жаңадан оқушылар қабылдадық. Соларды сырнайда ойнауға үйретіп жатырмыз. Көптеген аудандық, облыстық шараларға қатысып тұрамыз. Бұдан бөлек, ансамбль мүшелерін өзге музыкалық аспаптарда ойнауға да үйретемін», — дейді Юрий Бакай.

Бұл күні жерлестерін Алғыс айту күні және ҚХА 30 жылдығымен құттықтауға облыстың құрметті азаматы Анатолий Башмаков та келген. Ол Қазақстан халқы ассамблеясы елімізде тұратын барлық этностардың басын қосқан бірегей институт екендігін айтып өтті.

Ал Солтүстік Қазақстан облысы ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов өткізіліп отырған шараның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, аталмыш жиын ортақ мақсат жолында өткенімізді саралап, алдағы бағытымызды айқындауға мүмкіндік береді.

Жиында сөз алған «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің СҚО бойынша өкілдігінің төрағасы Дариға Смайылова атқарып жатқан игі істері жайлы айтып берді. Жастар ассамблеяның 30 жылдығы қарсаңында «30 қадам – ізгілікке» атты үлкен қайырымдылық шараларды бастаған.  Олар осы уақыт аралығында көмекке мұқтаж жандарға қажетті тұрмыстық заттар мен азық-түлік апарып, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар жеткізген. Сондай-ақ «Мен донор» акциясын ұйымдастырып, еріктілер қан тапсырған. Бұдан бөлек, мектептер мен кітапханаларға кітаптар сыйлаған.

«Сонымен қатар, мектеп оқушылары үшін «Біз әралуанбыз, бірақ біз теңбіз» тақырыбында дәріс өткізіп, оларды өзара сыйластыққа, өзгелердің пікірін құрметтеуге үйреттік. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді ат салыстық. Қысқы суық күндері «Қарлы десант» ұйымдастырып, жалғызбасты қарттардың ауласын қардан тазартуға көмектестік. Бұл – физикалық көмек қана емес, аға буынмен байланыс орнатып, олардың өмірлік тәжірибесін тыңдап, батасын алдық. Сондай-ақ, қаламызды таза әрі көркем ету мақсатында сенбіліктер мен экологиялық акциялар өткіздік. Бұл атқарылған жұмыстардың барлығы бізге ерекше эмоциялар сыйлады. Біз адамдардың ризашылығын, олардың көздерінен шынайы қуаныш пен бізге деген алғысын көрдік. Біз игі істер жасаудың тек көмек көрсетумен шектелмейтінін түсіндік», — деді  Дариға Смайылова.

Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына үлес қосқан солтүстікқазақстандықтар марапатталды
Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына үлес қосқан солтүстікқазақстандықтар марапатталды

Тағы оқыңыз: «Екі жарым ай бойы өмірі үшін күресті»: Петропавлда көзіне пышақ кіріп кеткен бала қайтыс болды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *