Қазіргі таңда Ғ.Мүсірепов ауданы облыстағы ең ірі құрылыс алаңдарының біріне айналды.
Мұнда жылу және сумен жабдықтау жүйелері жаңғыртылып, жаңа тұрғын үйлер салынуда. Жолдар жөнделіп, ауылдарды дамыту бойынша ауқымды жоспарлар құрылып жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ғабит Мүсірепов ауданында Президент Жолдауы талқыланды. Аталған аймақта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында үлкен өзгерістер болуда. Мысалы, Новоишимское ауылында жылу тарату бойынша магистральды желілер салынып жатыр. Жоба құны — 2 млрд 748 млн теңге.
Черемушки шағын ауданында құны 205 млн теңгеден асатын заманауи блокты-модульді қазандық орнатылуда. Тахтаброд және Новоселовка ауылдарында жергілікті су желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Әр жобаның құны 1,6 млрд теңгеден асады. Буденный ауылында мал шаруашылығы кешеніне тартылған су құбыры құрылысы аяқталды. Бұл мақсатқа 533 млн теңге бөлінген.
«Ауданда электрмен жабдықтау мәселелері де шешілуде. Мысалы, 9 мың тонна астық сақтауға арналған жарма мен үлпек өндіретін зауытқа жаңа электр желілері тартылды. Жобаның құны 197 млн теңгеге жуықтайды», – деді Ғабит Мүсірепов аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а. Арман Досанов.
Автокөлік жолдарының жай-күйі аудандағы ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыт бойынша ауқымды жұмыс атқарылып, миллиардтаған қаражат бөлінді.
«Тахтаброд – Сокологоровка – Қырымбет» бағытына 1 млрд 469 млн теңге, Бірлік ауылындағы кіреберіс жолға 1 млрд 120 млн теңге, «Көкшетау – Рузаевка – Шұқыркөл – Саумалкөл – Червонное» бағытын жөндеуге 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Биыл аудан бойынша ондаған шақырым жол жөнделеді. Бұл тұрғындардың өмір сапасына елеулі әсер етеді», – деді Арман Досанов.
Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмауда. Новоишимское ауылында 50 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Оның құны 1,7 млрд теңгеден асып жығылады. Возвышенка мен Раисовка ауылдарында спорт-сауықтыру орталықтарын салу жобасы әзірленіп жатыр. Ковыльное ауылында балабақша қайта жөнделіп, оның базасында мәдени демалыс үйі ашылады. Сонымен қатар, хоккей корты, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, тіпті Есіл өзенінен өтетін көпір салу жоспарланған.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан жыл сайын адам танымастай өзгеруде. Мемлекет басшысының қойған міндеттері уақытында орындалуда.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жүк көлігінің дөңгелегі жарылып, бір адам көз жұмды

