Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі 2025 жылға арналған әлеуметтік сала бойынша жоспарлар мен көрсеткіштерді жариялады. Баспасөз брифингінде ол білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаражаттың артқанын атап өтті, деп жазады Qazaqstan Media.

2025 жылы ауданның білім беру саласына 10,88 млрд теңге қарастырылған Былтыр – 10,07 млрд теңге болыпты. Әкімнің айтуынша, білім нысандарын жөндеу мен жаңарту жыл сайын жалғасады.

« 2024 жылы 3 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізілді, жалпы сома – 447 млн теңге. Ол -«Дюймовочка» бөбекжайы – 257,6 млн тг, Чистополье орта мектебі – 102,9 млн тг, Раисовка орта мектебі – 86,5 млн тг. Сонымен қатар алты мектепте 159,9 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жасалды. Ал материалдық-техникалық базаны нығайтуға 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді»,-деді аудан әкімі.

Интерактивті панельдер, пән кабинеттері, асхана және қазандық жабдықтары сатып алынған. Оның ішінде Рузаевка мектебіне жаңа модульдік қазандық орнатылды.

«Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы балаларға да сапалы білім алуға тең мүмкіндік беру. Жөндеу жұмыстары мен жаңа жабдықтар осы міндетке жұмыс істейді», – деді Руслан Анбаев.

2025–2026 оқу жылында 2 000 бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 160 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Ауданда аз қамтылған отбасылар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау көрсетілуде. 27 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Үйде оқытылатын 26 балаға 3,7 млн тг көлемінде көмек көрсетіліп келеді. Қиын өмірлік жағдайға тап болған 558 адамға 65,1 млн тг әлеуметтік көмек беріліпті.  2025 жылы ауданда 914 жаңа тұрақты жұмыс орны ашу жоспарланған.  

«Әлеуметтік қолдау мен жұмыс орындарын көбейту – біздің басты басымдығымыздың бірі. Әрбір отбасының жағдайы біз үшін маңызды», – деді аудан басшысы.

Аудандағы медициналық желіге 9 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, 25 медициналық пункт, 1 аурухана және 1 емхана кіреді. Биыл ауданның автопаркі 2 жедел жәрдем көлігімен толықты.КРІ жобалары аясында Раисовка ауылындағы медициналық пункт «Раисовское» ЖШС қаражаты есебінен (шамамен 20 млн тг) жөнделді. 2026 жылы Тоқсан би ауылындағы медпунктті «Нұр Байкен» ЖШС жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр.

«Денсаулық сақтау – ең сезімтал сала. Біз дәрігер тапшылығын азайту бойынша да, ауылдардағы медициналық нысандарды жөндеу бойынша да жұмысты жалғастырамыз. Жергілікті бизнес өкілдерінің көмегі өте маңызды», – деп қорытындылады аудан әкімі.

Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында орақ науқаны аяқталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *