11–ші тамызда Солтүстік Қазақстан облысында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты III Халықаралық суретшілер симпозиумы өтеді. Мәдени шара 17-ші тамызға дейін жалғасады, деп жазады Qazaqstan Media.
Тамыз айында Солтүстік Қазақстан облысы әлемнің әр түкпірінен келген қылқалам шеберлерін қайтадан бір алаңға тоғыстырады. 2025 жылғы 10–17 тамыз аралығында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты III Халықаралық суретшілер симпозиумы өтеді. Оған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қазақстан Республикасымен қатар, Саха Республикасы (Якутия), Татарстан, Башқұртстан, Венгрия, Түрікменстан, Бурятия және Моңғолиядан келген 20 кәсіби суретші қатысады.
Бұл ауқымды мәдени шара бірегей «Ботай» археологиялық ескерткішін кеңінен насихаттауға, өңірдің мәдени туризмін дамытуға және әртүрлі елдерден келген суретшілер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталған.
Симпозиум бағдарламасына Петропавл қаласының тарихи-мәдени нысандарына экскурсиялар, шеберлік сабақтары, сондай-ақ Республикалық мемлекеттік «Ботай» музей-қорығы мен Айыртау ауданының Шалқар-Имантау курорттық аймағында ашық аспан астында өтетін пленэр кіреді.
Шара қорытындысы бойынша «Ботай» АРТ-галереясында қатысушылардың шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қысқа мал азығын дайындау 97,3% орындалды