Жыл басынан облыста 270-тен астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Көбіне зейнеткерлер құрбан болған. Соңғы бір апта ішінде сауда орындарының күзетшілері үш бірдей қарияны қулардың құрығынан сақтап қалды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлда сауда орындарында полицейлер мен күзет қызметінің мамандары банкомат маңындағы жағдайды бақылайтын болды. Әсіресе, ақша аудармақ болған зейнеткерлерге ерекше назар аударады.
«Мәселен, өткен аптада тәртіп сақшылары 74 жастағы егде жанды банкомант маңынан байқап қалады. Қарияға өзін банк қызметкері ретінде таныстырған қу қоңырау шалып, атына несие рәсімделгенін хабарлаған. Оны жою үшін ақшаны қауіпсіз шотқа аударуын талап еткен. Полицейлер сол сәтте дереу іске көшіп, алаяқтықтың жолы кесілді. 500 мың теңге зейнеткердің қалтасында қалды»,- деп жазады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Дәл осы кезде сауда орнының күзетші қуларға 500 мың теңге аударайын деп жатқан зейнеткерді байқап қалады. Алаяқ өзін ұлы, кейін немересі ретінде таныстырып оңай олжаға кенелгісі келген. Оқиға орнына жедел жеткен жекеменшік күзет қызметінің маманы қартқа алаяқпен сөйлесіп жатқанын түсіндіріп, келеңсіз жайттың жолын кесті.
Үшінші жағдайда егде жастағы ерлі-зайыпты 6 млн теңгесінен айырылып қала жаздады. Оларға да «несие рәсімделгені» туралы хабарланған. Телефон арқылы алдаушылардың сендіргені соншалық — зейнеткерлер бастапқыда полицейлерге сенбепті. Олар 1,5 миллион теңгені аударып үлгеріп, тәртіп сақшыларының түсіндіру жұмысының арқасында қалған 4,5 миллион теңгені сақтап қалды. Барлық деректер бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Тағы оқыңыз: Шал ақын ауданында заңсыз қиыршық тас өндірісі тоқтатылды