2016 жылдан бастап облыста көші-қон жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзіңде теріскейге 460-тан астам адам қоныс аударған. Оның 66-сы — қандастар, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Адамдар көшіп келеді. Бірақ, оларға жағдай жасала ма? Бұл сұраққа жауапты облыстық «Еңбек мобильділігі» орталығынан біліп көрдік.
«10 жылдың ішінде қандастар мен қоныс аударушыларға арналып 1100-ден астам баспана салынды. Биыл көшіп келген 15 отбасыға үй берілді. Егер біз ұсынған тұрғынжайлар ұнамаса, әр жанұяға 4,5 млн-нан астам өтемақы беріледі. Тиісінше, олар өздері қалаған баспананы сатып ала алады», -делінген облыстық «Еңбек мобильділігі» орталығының редакцияға берген мәліметінде.
Статистика бойынша, облысқа көшіп келген жандардың көбі аудандарда тұрғысы келеді. Олар теріскейдің таза ауасымен тыныстап, жасыл желектің айналасында өмір сүруді қалайды. Одан қалды, ары қарайғы өмірін солтүстікте жалғастырғысы келетін жандарға кезексіз, конкурссыз, 60 гектар жер телімі тегін беріледі.
Өңірімізге қоныс аударған жандар жұмыс іздеп қиналатыны сөзсіз. Бұл мәселені де «Еңбек мобильділігі» орталығы жіті қарастырған. Мамандар ұдайы көшіп келуші тұрғындармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Мекемелермен, серіктестіктермен үнемі байланыста болып, вакансиялар қарастырады.

«Көшіп келген қандастар мен қоныс аударушылар арасында 200-ге жуығы еңбекке қабілетті. Соның арасында 100-ден аса адам жұмысқа орналасты. Қалғаны жеке кәсіпкерлік ашып кәсібін дөңгелетуде», — деп жазады жауапты орган жауабында.
Айта кету керек, биыл көшіп келгендер арасында мүгедек жандар жоқ. Ал 10 жылдың ішінде қоныс аударған азамат-азаматшалардың арасында 30 мүмкіндігі шектеулі адам бар.