21-ші мамыр күні Уәлиханов ауданында ұлттық мұраны ұлықтауға арналған және жұмысшы мамандар жылы аясында облыстық тағылымды шара өтті. «Ұмытылған ұлттық тағамдар» атты шеберлік сағатында қазақ халқының бай тағамдары әзірленді. Асхана мәдениеті жаңғыртуды және жас ұрпаққа ұлттық дәстүрді танытуды мақсат етті, деп жазады Qazaqstan Media.
Этно стильдегі шеберлің сабағы Уәлиханов ауыл шаруашылық колледжінің ауласында ұйымдастырылды. Далаға ұлттық нақышта безендірілген киіз үйде ұмыт бола бастаған қазақтың дәстүрлі тағамдарын дайындалды. Мұндай іс-шаралар аспаздықты тек кәсіп емес, сонымен қатар өнер, мәдениет және қоғамға қызмет ету жолы ретінде танытады. Өйткені, дәл осы аспаздар — ұлттық тағамдар арқылы халықтың рухани байлығын сақтап, келер ұрпаққа жеткізушілер.

«Іс-шара аясында үлпершек, жау жүрек, өрметөс, ұлтабар сынды ұмыт бола бастаған қазақтың тағамдары әзірленді. Сонымен қатар қатысушылар мен қонақтар көже, тары қосылған шайдан дәм татты. Жент , қоспа, бауырсақ пен бүйрек те көпшілікке ұнады. Бұлардың барлығы қазақтың ұлттық асы. Олардың барлығы шеберлік сағатына қатысушылардың алдында әзірленді,-дейді колледж директоры Сайран Ташкин.

Шеберлік сабағын өндірістік оқыту шеберлері – қазақ ұлттық аспаздық мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші Роза Кусбекова және оның шәкірттері жүргізді. Оның әріптесі Алиса Мұхамедрахимова да қатысты. Шараға Солтүстік Қазақстан облысының әр ауданынан келген аграрлық және техникалық колледж өкілдері қатысты. Сондай-ақ аудан басшылығы болды. Қонақтарға арналған концерттік бағдарламада қазақтың халық әндері мен күйлері орындалып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Іс-шараның негізгі мақсаты- ұлттық аспаздық дәстүрлерді жаңғырту және сақтау, жастар арасында аспаз мамандығының беделін арттыру. Сонымен қатар студенттердің этномәдени тәрбиесін дамыту, ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Бұл шара — тек аспаздық сабақ қана емес, рухани сабақ болды. Қазақ халқының ұлттық тағамдары – ұлт жадының, ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі»,- деп нақтылады Уәлиханов ауыл шаруашылық колледжінің директоры.
Шара барысында қонақтарға Наурыз көже ұсынылды. Бұл тағам қазақ халқы үшін көктемгі жаңару мен бірліктің символы болып саналады.
Мұндай іс-шаралар аспаздықты тек кәсіп емес, сонымен қатар өнер, мәдениет және қоғамға қызмет ету жолы ретінде танытады. Өйткені, дәл осы аспаздар — ұлттық тағамдар арқылы халықтың рухани байлығын сақтап, келер ұрпаққа жеткізушілер. Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс талды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Ущев көшесіндегі бөгетте серуен алаңы ұйымдастырылады