Ресей Федерациясы 2025 жылдың 30 маусымынан бастап елге кіретін барлық шетел азаматтары үшін жаңа ереже енгізетінін мәлімдеді. Бұл жаңашылдыққа сәйкес, Қазақстан азаматтары да енді Ресейге сапар шегер алдында арнайы цифрлық профиль қалыптастыруға міндетті болады, деп жазады Qazaqstan Media.
Цифрлық профиль — шекарадан өтерден кемінде 72 сағат бұрын RuID деп аталатын мобильді қосымша арқылы жасалуы тиіс. Бұл қосымша шетелдіктерге арналып әзірленген. Ол Ресейдегі мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оның көмегімен туристер мен мигранттар: сапар туралы алдын ала хабарлай алады, медициналық сақтандыру рәсімдеп, мемлекеттік мекемелерге онлайн жазылып т.б. қызметтерді пайдалана алады.
Жаңа жүйе шекаралық бақылау рәсімдерінің міндетті шартына айналмақ. Цифрлық профильдің болмауы немесе дұрыс толтырылмауы Ресейге кіруден бас тартуға немесе ұзақ кідіріске себеп болуы мүмкін.
Ережеге сай, Ресейде аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері бұл үрдістен босатылады. Сонымен қатар, дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері, алты жасқа дейінгі балалар да еркін кіре алады.
2025 жылдың 30 маусымынан 2026 жылдың 30 маусымына дейінгі кезеңде бұл жүйе барлық шекара бекеттерінде пилоттық режимде жүзеге асады. Сондықтан Ресейге сапар жоспарлаған азаматтар барлық қажетті құжаттарды алдын ала дайындап, цифрлық профильді уақытылы толтыруы керек.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық Аслан Асылбеков кикбоксингтен әлем кубогының бес дүркін чемпионы атанды