Петропавлда ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен шаруалардың басын қосқан үлкен семинар-кеңес өтті. Басты тақырып — 2025 жылғы егін егу науқанына дайындық. Жиынға облыс әкімімен қатар, еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.
Биыл солтүстік аграрийлері 4,4 млн гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр. Оның 2,5 млн гектарына бидай егіледі. Майлы дақылардың алқабы 85,5 мың гектарға ұлғайтылып, 760 мың гектарға жеткізілмек. Облыста күнбағыс, рапс және зығыр сияқты майлы дақылдарды дамыту мықтап қолға алынған. Бітік өнім алу үшін диқандар 333 мың тонна минералды тыңайтқыштарды сіңірмек. Бұл былтырғыдан 30 пайызға көп.

«Сапалы өнім алу үшін сапалы тұқым материалынан бастау керек. Өңірде 470 мың тонна тұқым дайындалды, бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін толығымен жабады. Тұқым шаруашылығындағы негізгі міндеттердің бірі сортты жаңарту болып қала береді. Биыл сортты жаңарту деңгейін 11,2% жеткізу жоспарлануда. Бұл дақылдардың қолайсыз жағдайларға төзімділігін арттыруға және өнімділікті арттыруға көмектеседі. Ол үшін аграрийлер аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілерінің желісін кеңейте отырып, тұқым шаруашылығын дамытудлы қолға алды»,- деді өз баяндамасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Осы жылы көктемгі егіс жұмыстарына 12,3 мыңнан астам трактор мен 13,7 мыңға жуық дән сепкіш шығады деп жоспарланып отыр. 2024 жылы 68,9 млрд теңгеге үш мыңға жуық жаңа техника сатып алынса, 2025 жылы 87,6 млрл теңгеден астам сомаға 3,2 мыңға жуық техника сатып алынбақ.
Ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті. Мәселен, бұрындары «Кең дала» бағдарламасы бойынша қаражатты шаруалар мамыр айында ғана алатын. Енді фермелерлер оған өтінішті қараша айынан бастап беріп, көктемгі егіске ерте дайындала алады. Оған қоса, техниканы төмен пайызбен лизинге де алуға болады.

«2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге арналған жаңа жеңілдетілген қаржыландыру енгізілді. Бұл мақсаттарға 35 млрд теңге бөлінді. Бұл механизм өзара тиімді өндірістік өсу бағдарламасы бойынша несиелеуге ұқсас жұмыс істейді. 2025 жылы бұл мақсатқа бөлінетін қаржы 48 млрд теңгеге дейін артады. Сондай-ақ мал шаруашылығына назар аударылуда. Осы мақсатта 50 млрд теңге көлемінде қысқа мерзімді қаржыландыруды тарту мәселесі қарастырылуда. Бұл мал бордақылау алаңдары мен құс фабрикаларын дамытуға көмектеседі»,- дейді АШМ Айдарбек Сапаров.
Семинар-кеңес барысында егін шаруашлығына қатысты көрме ұйымдастырылды. Онда аграрийлерге заманауи ауыл шаруашылығы техникаларының диллерлері өз өнімдерін ұсынды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда бүтін бір отбасын өлтірген қылмыскерлердің ісі: Апелляциялық сот жазаны қатаңдатты