Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 14 наурызда Уәлиханов ауыл шаруашылық колледжінде ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл шараның негізгі мақсаты — аудан мектептерінің 9 сынып оқушыларына оқу орнының мамандықтарымен таныстыру, кәсіби бағдар беру, болашақ түлектерге дұрыс таңдау жасауға бағыт-бағдар беру, деп жазады Qazaqstan Media.
Ашық есік күні Қазақстан Републикасының мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Кейін колледж директоры Сайран Ташкин құттықтау сөз сөйледі. Ол жұмысшы мамандықтарының қазіргі қоғамдағы маңыздылығын атап өтті.
Ашық есік күні барысында оқушыларға колледжде оқытылатын мамандықтар туралы толық мәлімет берілді. «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша тракторист-машинист, слесарь-жөндеуші біліктіліктерін алу мүмкіндігі бар. «Есеп және аудит» мамандығы бойынша бухгалтер-кассир біліктілігі,«Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша аспазшы біліктілігі оқытылады.
Бұл мамандықтардың әрқайсысы еңбек нарығында сұранысқа ие екенін колледж ұстаздары ерекше атап өтті. Сонымен бірге, шара барысында мәдени бағдарламалар ұсынылып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары музыкалық нөмірлерімен көрермендерді қуантты.
Сонымен қатар, оқушылар үшін шеберлік сағаттары мен практикалық жұмыстар ұйымдастырылды. Ер балалар колледж ауласында ауыл шаруашылық техникаларына міну арқылы өз мүмкіндіктерін байқаса, қыз балалар колледждің асханасында шеберлік сабағына қатысты.
Тағы оқыңыз: СҚО-да медицина саласында кадр тапшылығын жою үшін түлектермен кездесу өтті