СҚО тексеру комиссиясы Петропавлдағы №1 қалалық ауруханада аудиторлық тексеріс жүргізген. Ол 2022-2023 жылдарды қамтыды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Тексеріс нәтижесінде 35,4 млн теңгенің қаржылық бұзушылығы анықталды. Ал тиімсіз жоспарланған қаржы сомасы — 94,1 млн теңгеден асады. Бюджет шығыны 104 мың теңгені құраған. Бұдан бөлек, рәсімдерді орындау тәртібін бұзудың – 31, сондай-ақ кәсіпорын жұмысын жүргізуде екі кемшілік анықталды.
«Жүргізілген мемлекеттік аудит еңбекақы төлеу қорын тиімсіз жоспарлау, сыйлықақылар, сауықтыру жәрдемақыларын, жалақыны төлеу бойынша бұзушылықтарды анықтады. Кәсіпорын шығыстары негізсіз өсіп отырған. Яғни, асыра бағаланған. Сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде заң бұзушылықтар тіркелді. Мұнымен қоса, мемлекеттік сатып алу заңнамасы сақталмаған», — деді облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Тимур Тұрсынов.
Аудиторлық тексеріс 2022-2023 жылдарды қамтыған. Бұл аралықта Петропавлдағы №1 қалалық аурухананы Айдар Мұстафин басқарған. Алайда ол бүгінгі жиынға қатыспады. Оның үстіне жақында Айдар Жантөреұлы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры болып тағайындалды.
Сондықтан оның орнына қазір қалалық 1-ші емхана директорының міндетін атқарып жүрген Руслан Тасов келді. Оның бұл қызметті атқарып жүргеніне бар болғаны екі жұма ғана болған. Алайда ол осыған дейін жасалған олқылықтарды алдағы уақытта түзететіндігін айтты.
Осыған дейін Петропавлдағы №1 қалалық ауруханада медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектер дұрыс сақталмай келгендігін жазған болатынбыз.
Айта кетейік, дәл осындай жағдай Айдар Мұстафин Шал ақын аудандық ауруханасын басқарған кезде де орын алған болатын. Онда да аудиторлар тексеріс жүргізіп, бірқатар олқылықтар анықталған еді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда ер адамды пойыз қағып кетті