«Мықты отбасы – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жиын өтті. Оны ұйымдастырудағы басты мақсат – отбасы құндылығын сақтап қалу, аға буын мен жастар арасындағы байланысты нығайту, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлда Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында, отбасы құндылықтарына арналған іс-шара ұйымдастырылды. Оған облыс орталығының қоғам белсенділері, ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелері және де мектеп оқушылары қатысты. Басты мақсат – өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, отбасының маңыздылығын айшықтап, аға буын мен жастар арасындағы байланысты нығайту.
«Қазіргі қоғамда отбасы құндылығы жойылып барады. Ол үлкен мәселе. Себебі, елдің ертеңі жастардың тәрбиесіне тікелей байланысты. Қазір, әсіресе, жастар отбасы дегенге салғырт қарайды. Сондықтан, ассамблеяның 30 жылдығы аясында біз, отбасы тақырыбын арнайы көтеріп отырмыз. Бұл диалог алаңы ретінде болмақ. Аға буын өкілдері жастармен әңгіме-дүкен құрып, пікір алмасады», — дейді ұйымдастырушы «Urpaq» қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбахша Мұсабаева.
Отбасы отансүйгіштікке, жауапкершілікке, инабаттылыққа, үлкенді сыйлауға, еңбексүйгіштікке тәрбиелейді. Балалардың мінез-құлқы отбасында болып жатқан оқиғалардың симптомы. Сондықтан «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. Ұйымдастырушылардың көздегені осы ұғымды жиналғандарға жеткізу.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген бар. Бұл жанұядағы тәрбие туралы айтылған. Қазіргі кезде көпшілік ұлттық тәрбиеге мән бермейді. Оны заман талабына сай ұштастыра алмайды. Жеті атасын білмейтін жас ұрпақ өсіп келеді. Сондықтан мен әрдайым оқушыларға, үйдегі үлкендерден жеті аталарыңды сұрап, жазып алыңдар деймін. Ағайын, туыс дегенді танып, біліп жүру керек», — дейді әл-Фараби мектеп-лицейі директорының орынбасары Зәуреш Жиентаева.
Тағы оқыңыз: ҚҚС мөлшерлемесінің артуы бағаның өсуіне әсер ете ме?