Солтүстік Қазақстанда білім беру саласына бюджеттің үштен бір бөлігі бағытталған. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінген. Ол ақшаға 51 пәндік кабинет пен мектептерге 42 автобус сатып алынды. 53 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілген, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Білім беру саласы бойынша жылды қорытындылайтын болсақ, биыл апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толығымен шешіліпті. Ол жаңа мектептердің ашылуымен байланысты. Соңғы үш жылда өңірде үш жаңа мектеп есігін ашты.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен «Береке» шағын ауданында арнайы мектептің құрылысы аяқталды. Жаңа ғимарат балаларды арнайы мектептерде оқыту үшін орын тапшылығы мәселесін толығымен шешті. Оқу корпусы 300 орынға есептелген, сондай-ақ интернат бар. Қазір мұнда 220 бала білім алуда. Президенттің тапсырмасы бойынша өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда.Қараша айында «Орман» шағын ауданында 600 орындық жайлы мектеп ашылды», — деп жазылған облыстық білім басқармасының қорытынды есебінде.
Мектепке дейінгі білім беру саласынадағы проблемалар да біртіндеп шешіліп жатыр. Биыл Петропавлда жаңа салынған «Бірлік» шағын ауданында жаңа балабақша ашылды. Алдағы уақытта осындай балабақша «Береке» шағын ауданында қолданысқа беріледі. 2025 жылы «Жас Өркен» шағын ауданында мектепке дейінгі білім беру мекемесін салу жоспарда бар. Осының арқасында тағы 600 бүлдіршін заманауи және жайлы балабақшаға барады.
Сондай-ақ, биыл студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі оң шешім тапқан. Петропавлда 1200 орынға арналған жатақхана қолданысқа берілді. Бұл облыс орталығындағы ең ірі студенттер үйі. Оған қоса тағы бір, 156 орындық жатақхана ашылды. Ондағы 25 пәтері университетке жұмысқа шақырылған оқытушыларға арналған.
Тағы оқыңыз: Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады