Облыста 114 жанармай құю станциясы жұмыс істеп тұр. Қазіргі кезде АИ-92 маркалі бензиннің орташа бағасы 204 теңгені құрайды. Қорда 6, 69 мың тонна өнім бар. Бұл 27 күнге жетеді екен, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстанда жанар-жағармай құю бекеттері қазір еш үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Бензиннің де шамамен айлық қоры бар. Бұл туралы өңірге іс сапармен келген энергетика вице-министрі айтты. Оның мәліметінше, облыста АИ-92 маркалы бензиннің – 6, 69 мың тоннасы бар. Ол 27 күнге жетеді. АИ-95-тің 17 күнге жететін 0, 90 мың тоннасы, ал дизель отынының – 6,17 мың тоннасы бар. Ол тоғыз күнге жетеді екен.
«Жанар-жағармай материалдарын сату кезінде тапшылық пен алыпсатарлыққа жол бермеу мақсатында қалалар мен аудандардың әкімдіктері жанармай құю станцияларына қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Жанар-жағармай материалдарын жеткізуде үзілістер байқалмайды. Толықтыру жеткізу шарттарына сәйкес тұрақты түрде жүзеге асырылады», — деді өңірге іс сапармен келген еліміздің энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.
Облыста жанар-жағармай материалдарын қамтамасыз ету және шекті бағаларды сақтау жөніндегі жұмыс тұрақты бақылауда. Солтүстікте АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы 204 теңге, АИ-95 маркалы бензиннің бір литрі 255 теңге, ал дизель отыны 294 теңге тұрады.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға Ресейден екі жылдың ішінде газ тартуға болады