Уәлиханов ауданының табиғи өнімдері Петропавл жәрмеңкесінде жоғары сұранысқа ие болды
Уәлиханов ауданының шаруалары Петропавлда өткен «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынып, қала тұрғындарының алғысына бөленді. Ауданнан жеткізілген төрт тоннаға жуық ет өнімі мен басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары қолжетімді бағасымен және сапасымен көпшіліктің көңілінен шықты, деп жазады Qazaqstan Media.
Петропавл қаласындағы М. Жұмабаев көшесінде ұйымдастырылған ауқымды жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарынан тауар өндірушілер қатысты. Ауыл еңбеккерлері өз өнімдерін нарық бағасынан 15 пайызға төмен ұсынды. Жәрмеңкеде Уәлиханов ауданының шаруалары ерекше белсенділік танытты. Олар қала тұрғындарына 10 ірі қара, төрт жылқы және 20 қойдың етін жеткізді. Сондай-ақ ауылда өндірілген басқа да азық-түлік өнімдері мен мал азығы саудаға шығарылды. Аудан өкілдері жәрмеңкеге таңғы сағат жетіде келіп, сауда орындарын дайындаған. Сағат тоғызда басталған сауда алғашқы минуттардан-ақ қыза түсті.
Уәлиханов ауданының табиғи өнімдері Петропавл жәрмеңкесінде жоғары сұранысқа ие болды
«Біз Уәлиханов ауданынан төрт тоннаға жуық ет өнімін әкелдік. Бағасы нарықтағыдан 15 пайызға төмен. Сатып алушылар көп, сұраныс жақсы. Мұндай үлкен жәрмеңкелерге жыл сайын қатысамыз. Сонымен қатар сенбі күндері өтетін жәрмеңкелерге де тұрақты түрде өнім жеткіземіз», – дейді Уәлиханов ауданы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветенинария бөлімінің басшысы Жолдыбай Хасенов.
Уәлиханов ауданының өнімдері Петропавл тұрғындарына бұрыннан таныс. Сапалы ет пен ауылдың табиғи азық-түлігін тұрақты сатып алатын тұтынушылар да аз емес. Солардың бірі биыл да арнайы келіп, қысқы азық-түлік қорын толықтырды.
Уәлиханов ауданының табиғи өнімдері Петропавл жәрмеңкесінде жоғары сұранысқа ие болды
«Жәрмеңке өте жақсы ұйымдастырылған. Жыл сайын келіп, ет, сүт, май сатып аламын. Бүгін Уәлиханов ауданының шаруаларынан ет алдым. Қойдың етін алдым. Былтыр да осы ауданның жігіттерінен сауда жасағанмын. Өнімдері дәмді, таза әрі бағасы қолжетімді. Сондықтан арнайы келемін. », – дейді қала тұрғыны Николай Зорин.
Уәлиханов ауданының еңбеккерлері өз өнімдерін облыс орталығында ғана емес, елорда тұрғындарына да ұсынып жүр. Жуырда Астанада өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып, жеткізген өнімдерінің барлығын сатып қайтқан. Бұл аудан шаруаларының еңбегі мен өнімдерінің сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Петропавлдағы жәрмеңке де аудан үшін табысты өтті. Санаулы сағаттың ішінде жеткізілген тауарлардың жартысынан астамы сатылды. Уәлиханов ауданының шаруалары үшін мұндай жәрмеңкелер – өз еңбегінің жемісін халыққа тікелей ұсынып, тұрақты тұтынушылармен байланыс орнатудың тиімді мүмкіндігі. Ал қала тұрғындары үшін ауылдан келген сапалы өнімді делдалсыз, тиімді бағамен сатып алуға жағдай жасалды.