Петропавлда төрт тәулік әкімшілік қамауда отырған азамат сот арқылы өтемақы өндіріп алды. Ол бастапқыда әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда кейін сот оның әрекетінде құқық бұзушылық құрамы жоқ екенін анықтаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалған. Бұл бап көлік құралын мас күйде басқаруға қатысты. Соның нәтижесінде ол төрт тәулік әкімшілік қамауда болған.

Кейін Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді тоқтатқан. Сонымен қатар азаматтың келтірілген зиянды өтету құқығы танылған.

Осыдан кейін ер адам Қаржы министрлігі мен Полиция департаментінен моральдық зиянды өтеуді талап етіп, сотқа жүгінген. Ол заңсыз қамауда отыру ауыр психологиялық күйзеліске әкелгенін және денсаулығына кері әсер еткенін айтқан. Өйткені азамат үшінші дәрежелі артериялық гипертониямен ауырады.

Петропавл қаласының №2 соты оның талабын ішінара қанағаттандырды. Азаматтың пайдасына 200 мың теңге моральдық өтемақы және соттағы өкілінің қызметіне жұмсаған 300 мың теңге шығын өндірілді.

Осылайша, заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтың пайдасына жалпы 500 мың теңге өндірілетін болды. Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді.

Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданында жаңа емхана ашылды

Поделиться:

Shares