СҚО-ға Жапониядан ғылыми делегация келді. Жұмыс сапары аясында ғалымдар көкөніс дақылдарының генетикалық ресурстарын іздеп, зерттеу бойынша бірлескен экспедициялық жұмыстар жүргізеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Мамандар пияз, сарымсақ, асқабақ және қырыққабат тұқымдастарына жататын дақылдарды зерделейді. Ғалымдар ерекше құнды деп танылған тұқым түрлерін іріктейді. Жиналған үлгілер жақын уақытта құрылатын генетикалық банкке орналастырылады. Ал олардың бір бөлігі ауыл шаруашылығы дақылдарындағы жаңа гендерді анықтау мақсатында Жапонияға зерттеуге жіберіледі.

«Біз Қазақстанның биоалуантүрлілігін зерттеп, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын шығару мақсатында келдік. Ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп саласында тұрақты түрде түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіп келеміз. Сапар барысында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу, халықаралық гранттық жобалар әзірлеу, студенттермен және ғалымдармен алмасу, сондай-ақ жапондық мамандарды жергілікті университеттің ғылыми жобаларына тарту мәселелерін талқыладық. Бұл сапар жекелеген ғылыми байланыстардан аграрлық ғылым саласындағы жүйелі халықаралық әріптестікке көшу жолындағы маңызды қадам болмақ», — Хиросаки университеті қолданбалы биология және тағамтану кафедрасының доценті Кануцори Танака.

Мұндай зерттеулердің ғылым үшін маңызы зор. Өсімдіктердің генетикалық алуантүрлілігі жаңа сұрыптар шығаруға, селекцияны дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Меймандар бұған дейін Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі өсімдіктермен танысқан. Сондай-ақ, облыстың Айыртау және Есіл аудандарын, Ақмола аймағының бірқатар ауданын аралаған.

Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/sqo-da-dini-ekstremizmning-aldyn-alwgha-arnalghan-seminar-oetti/

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *