Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы тұмау, ЖРВИ және COVID-19 эпидемиялық маусымына дайындық басталды. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер жаңа қаулыға қол қойды. Құжатта медициналық ұйымдардан бастап білім беру мекемелеріне дейінгі бірқатар талап белгіленген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қаулыға сәйкес, елде тұмауға қарсы иммундау науқаны 15 қыркүйектен басталады. Медициналық ұйымдар вакциналарды қабылдауға және егу кабинеттерін дайындауға тиіс. Сондай-ақ 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлеріне маска тағу режимін енгізу қарастырылған.
Білім беру ұйымдарына да арнайы талаптар қойылды. Мектептер мен басқа да білім беру мекемелерінде оқушылар мен қызметкерлердің сабаққа келуіне күн сайын мониторинг жүргізіліп, келмеу себептері анықталуы керек. Тұмау, ЖРВИ немесе COVID-19 белгілері байқалған балалар уақытылы оқшауланады.
Егер бір сыныптағы балалардың 20–30 пайызы ЖРВИ-мен ауырса, сол сынып оқушыларының кабинеттен кабинетке ауысуы 10 күнге шектеледі. Ал білім беру ұйымында сырқаттанғандар саны 30 пайыздан асып кетсе, оқушыларды қашықтан оқытуға көшіру қарастырылған. Қашықтан оқу соңғы науқас анықталғаннан кейінгі бір инкубациялық кезеңге енгізіледі.
Медициналық ұйымдарға инфекциялық төсек-орын қорын дайындау, қажет болған жағдайда қосымша орындар ашу, дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру және тұмау, ЖРВИ мен COVID-19 белгілері бар науқастарды бөлек қабылдауды ұйымдастыру тапсырылды. Сондай-ақ жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға ерекше бақылау қарастырылған.
Қаулы 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусым кезінде тұмау, ЖРВИ және коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуға бағытталған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да элеваторда жарақат алған екі жұмысшының жағдайы ауыр

