Тайынша ауданында жаңа Конституция жобасы талқыланды. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері ірі кәсіпорындардың қызметкерлерімен, медицина саласының өкілдерімен және аудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
⠀
Алғашқы кездесулердің бірі «BioOperations» ЖШС алаңында ұйымдастырылды. Кәсіпорын ұжымы үшін экономикалық саясаттың тұрақтылығы, инвестицияларды қорғау және жұмыспен қамту кепілдіктері өзекті тақырыпқа айналды. Конституциялық өзгерістер отандық өндірушілерді қолдауға және мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағдарын күшейтуге бағытталуы тиіс екені айтылды.
⠀
Шарада еңбек адамының құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қауіпсіз еңбек жағдайлары мен лайықты жалақыға кепілдік берудің Ата заң деңгейінде бекітілуі – мемлекет пен жұмыс берушінің жауапкершілігін арттырады. Ал бұл өз кезегінде қызметкер үшін нақты әрі тиімді құқықтық қорғанысты білдіреді.
⠀
Кездесуде тұрғындар азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы, қоғамдық бақылау тетіктері және жергілікті инфрақұрылымды дамыту мәселелерін көтерді. Реформа азаматтардың басқару ісіндегі рөлін күшейтіп, билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың ашық әрі айқын үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
⠀
Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасының ұжымымен өткен кездесу мазмұнды болды. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері медициналық жабдықтарды жаңғырту, кадрлық жұмыстарды қамтамасыз ету және қаржыландырудың тұрақтылығы мәселелерін ортаға салды. Денсаулық сақтау саласындағы конституциялық кепілдіктер инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңартудың және мамандарды қолдаудың негізі ретінде қарастырылуда.
⠀
Бағдарлама «EMC Agro» ЖШС алаңындағы кездесумен аяқталды. Өңірдегі ірі агроөнеркәсіптік кешендердің бірі саналатын бұл кәсіпорында азық-түлік қауіпсіздігі, қайта өңдеу саласын дамыту және жұмыс орындарын сақтау мәселелері талқыланды. Кездесулер барысында жаңа Конституция нормаларының өңірлік дамуға, өндірістің тұрақтылығына және халықтың әл-ауқатына нақты ықпал етуі тиіс екені ерекше атап өтілді.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға жалпыұлттық коалиция мүшелері келді

