Петропавлға «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» деп ұрандатқан жалпыұлттық коалиция мүшелері келді. Жаңа Ата заңмен жақсы таныс білікті мамандар Оқушылар сарайында қоғам белсенділерімен, педагогтермен және жастармен кездесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Делегация құрамында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина және Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бар. Жаңа Ата заңмен жақсы таныс білікті мамандар Оқушылар сарайында қоғам белсенділерімен, педагогтермен және жастармен кездесті. Конституция жобасын түсіндірді, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.
СҚО-ға жалпыұлттық коалиция мүшелері келді
«Біз Әділет, заң және тәртіп орнаған кезде ғана биік белестерді бағындыра аламыз. Жастарымыз білім мен ғылымның, жаңа технологиялардың тілін толық игеруі тиіс. Сан ғасырлық тарихымыз бен төл мәдениетімізді әлемге танытуымыз керек. Осының барлығы жаңа Конституцияда тайға таңба басқандай көрініс тауып отыр. Бүгінгі жиынға қалың көпшіліктің келгеніне өте қуаныштымын. Солтүстікқазақстандықтар науқанға біркісідей қатысатынына сенемін», — деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, 1995 жылы қабылданған Ата заң сол кезеңнің талабына сәйкес болғанымен, бүгінгі таңда моральдық тұрғыда ескірген. Себебі, ол уақыт ел үшін ауыр экономикалық кезең болды. Мұндай жағдайда халықтың Конституция мәтінін жан-жақты оқып, талқылауға мүмкіндігі болмаған. Ал жаңа Ата заңымызды дайындауға 130-ға жуық маман қатысты. 10 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Әр салаға баса назар аударылды.
СҚО-ға жалпыұлттық коалиция мүшелері келді
«Жаңа Конституция жобасы — еліміздің ішкі саясатын 21-ші ғасырдың тенденциясына сәйкестендіретін құжат. Өзгертілетін Ата заңда мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері сақталған», — деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.
Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздардың қосар үлесі зор екені белгілі. Сондықтан бүгінгі шараға ондаған педагог шақырылған. Олар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Айта кету керек, жалпыұлттық коалиция 13-ші ақпанда құрылды. Оған 5 саяси партия мен 300-ге тарта қоғамдық ұйым өкілдері мүшелік етеді. Әр саланың жілігін шағып, майын ішкен жандар еліміздің түкпір-түкпірін аралап, халықпен кездесіп жүр.