СҚО-ға тасқын қаупі төніп тұр. Есептеулерге сүйенсек, биыл аймақтағы 112 ауылға қатер келуі мүмкін, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Еліміздің бірнеше өңіріне, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына тасқын қауіп төндіреді. Есептеулерге сүйенсек, биыл аймақтағы 112 ауылға қатер келуі мүмкін. Елдімекендердің 50-і өзен мен көлдердің толуынан, ал 62-сі еріген қар суынынан зардап шегуі ықтимал. Бұлардың барлығында 7 мыңға жуық адам тұрады.

«Қазіргі таңда су тасқынына әсер ететін метеорологиялық жағдайларды көріп отырмыз. Бүгінде облыстың кіші өзендеріндегі мұздың қалыңдығы — 7-93, ал Есіл өзенінде 49-74 см құрайды. Бұл өткен жылдағыдан 15 см-ге жоғары. Аймақтың көп бөлігінде күзгі ылғал қоры нормадан 24-74%-ға, кей жерлерде 2 еседен асады. Сонымен қатар, Ақжар, Уәлиханов, Қызылжар және Жамбыл аудандарының кей жерлерінде қар 23-42% артық түсті», — деді «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры Қымбат Мерғалымова.

Тасқынға әсер ететін тағы бір фактор — топырақтың тас болып қатуы. Бұған да назар аудару керек. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, бүгінде облыс аумағында жердің қату тереңдігі 67 мен 150 см аралығын құрайды, бұл былтырғыдан бақандай 84 см-ге артық екен. Егер күн күрт жылыса, судың басым бөлігі жерге сіңбей қалуы әбден мүмкін.

Көктемге жақын облыста ауа райы күрт өзгеруі мүмкін. Топан сумен күрес шараларын пысықтау үшін аймақта 2 наурызға дейін су тасқыны кезеңіне арналған негізгі болжам жария етілмек. Ал төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тізе бүгер емес. Олар қауіпті кезеңге дайындықты күн-түн демей жүргізіп жатыр.

СҚО-ға тасқын қаупі төніп тұр. Есептеулерге сүйенсек, биыл аймақтағы 112 ауылға қатер келуі мүмкін
СҚО-ға тасқын қаупі төніп тұр. Есептеулерге сүйенсек, биыл аймақтағы 112 ауылға қатер келуі мүмкін

«Осы күнге дейін өңірімізде жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын жер үйіндісі көтерілді және нығайтылды. Су өткізетін құбырлар ауыстырылды. 14 шақырымға созылған арықтар тереңдетілді. Аймақта жедел топтар жасақталады. Олар қауіпті деген аудандарға алдын ала жіберіледі. Жоспарымыз бойынша мамандар наурыз айының басында Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Тайынша сынды аудандарға жол тартады. Мұз жару жұмыстары да көзделген. Бұл істі көктемнің басында бастаймыз», — СҚО ТЖД бөлім бастығы Әсет Шәйкин.

Сонымен қатар, брифингіде «Қазсушар» кәсіпорнына қарасты жергілікті филиалдың директоры Ержан Құсымбаев баяндама оқыды. Ол өңірдегі қоймалар көктемге дайын екенін мәлімдеді. Болжамға сәйкес, Сергеев торабына биыл 2 млрд текше метр су келеді. Бұл нормадан 1,5 есе жоғары, алайда өткен жылғы көлемнен 2,5 есеге аз.

Тағы оқыңыз: Зауыт қызметкерлері жаңа Конституция жобасымен танысты

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *