Қазақстанда медицина саласы қызметкерлерін қолдау шаралары шеңберінде 2026 жылдан бастап инфекциялық қызмет пен жедел медициналық жәрдем мамандарының жалақысы арттырылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы еңбекақы саясаты кезең-кезеңімен қайта қаралып жатыр. Жалақыны өсіру шаралары халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға және мамандарды салада ұстап қалуға бағытталған.
«2026 жылдан бастап инфекциялық қызмет пен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру көзделіп отыр. Сонымен бірге медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі», — деді Сұлтанғазиев.
Бұған дейін қабылданған әлеуметтік қолдау шараларының арқасында кадр тапшылығы едәуір төмендеген. Министрлік деректері бойынша:
-
дәрігерлер тапшылығы 19%-ға,
-
орта медициналық персонал тапшылығы 7%-ға,
-
ауылдық жерлерде 16%-ға қысқарған.
Вице-министрдің айтуынша, еңбекақыны өсірумен қатар дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі енгізілді, ал медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданған.
Сұлтанғазиев медициналық мамандарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау әрі қарай да жалғасатынын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданаралық ауруханасы қайтарылған активтер есебінен жаңғыртылады

