Қазақстанда биыл білім беру жүйесіне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізу жұмыстары жанданады. Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжановтың айтуынша, министрлік ұлттық цифрлық профильдер жүйесін және Ұлттық білім беру платформасын құруды бастап кеткен, деп жазады Qazaqstan Media.

Осы мақсатта Ұлттық білім беру деректер базасы жаңғыртылады. Ол барлық LMS жүйелері — электронды күнделіктер мен журналдар үшін бірыңғай деректер қоймасына айналмақ. Бұл барлық мәліметті QazTech мемлекеттік бұлтты платформасында шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Вице-министрдің сөзінше, аталған өзгерістер мұғалімдердің күнделікті жұмыс жүктемесін айтарлықтай азайтады. Мәселен, жасанды интеллект агенттері педагогикалық кеңестерге дайындық кезінде көмек көрсете алады.

Сонымен қатар, 2026–2027 оқу жылынан бастап пилоттық өңірлердегі шағын жинақты мектептерге арналған Qazaq Digital Mektebi жобасы іске қосылады. Жоба аясында жасанды интеллект негізіндегі репетиторлар қолданылады. Ал 2026 жыл бойы 200 мыңнан астам педагог ЖИ-мен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгереді деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, оқушылар арасында жасанды интеллект сауатын арттыруға да ерекше назар аударылмақ.

Тағы оқыңыз: 2026 жыл — Цифрландыру және жасанды интеллект жылы

 

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *