Солтүстік Қазақстанда 83 мыңнан астам тұрғын МӘМС жүйесімен сақтандырылмаған. Бұл жайлы облыстық әкімдік отырысында өңір басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда халықты МӘМС жүйесімен қамту 83,3 пайызды құрайды. Сақтандырылмаған жандардың да саны жетіп артылады. Мәселен 2025 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша сақтандырылмаған халық саны 80 мың адамды құрады. Ал 11 қарашада бұл көрсеткіш 83 мыңға дейін өскен.
Жағымсыз көрсеткіш бойынша Есіл, Ғабит Мүсірепов аудандары алда тұр. Бұдан бөлек, Петропавл қаласы бойынша тіркелген, бірақ сақтандырылмаған азаматтардың саны үш қалалық емханада – 39 367, Қызылжар ауданында – 7677 және Тайынша ауданында – 7 194 адамды құрайды. «Әлеуметті медициналық сақтандыру қоры»КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Айнагүл Давлетчинаның айтуынша, 2025 жылдың қазан айында МӘМС мәртебесін жоғалтқан қызметкерлер саны 1800-ден асады.
«Оның негізгі себебі – жұмыс берушілердің жарналарды уақытылы төлемеуі,сондай-ақ жұмыс берушілер төлем мақсатының дұрыс емес кодын енгізбеуі. Яғни жұмыс берушілер МӘМС жарналарының орнына аударымдарды белгілеп көрсетеді», — деді Айнагүл Давлетчина.
Осыған байланысты, Қанат Дүзелбаев емханаларға тіркелген сақтандырылмаған халықты МӘМС жүйесіне енгізу үшін аулаларды аралау, сақтандырылмағандарға қоңырау шалу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды. Отырыс барысында Айнагүл Давлетчина «1414» Бірыңғай байланыс орталығына, «qoldau 24/7» мобильдік қосымшасына, «msqory.kz»сайтына келіп түскен шағымдарға тоқталды.
«Биылғы жылдың 11 айында барлығы 273 шағым түсті. Оның ішінде 69 шағым негізі бар екені анықталды. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17% – ға төмен. Сондай-ақ, 2025 жылдың 11 айында «1414» Бірыңғай байланыс орталығына 683 қоңырау түсті. Оның ішінде 673 кеңес берілді», — дейді Айнагүл Давлетчина.
Тағы оқыңыз: Медициналық колледжде ашық есік күні өтті

