Уәлиханов ауданында 18 мың гектар игерілмей жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылып, пайдалануға берілген. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Абдулов тілшілер алдындағы есебі кезінде айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Биыл Уәлиханов ауданында үш ауылға сапалы интернет тартылған. Аудандағы әр елді мекен таза ауыз сумен қамтылыпты. Сонымен қатар, 160 шақырымға жуық жол жөндеу көрген. Бұл игі жұмыстардың арқасында ауданға қоныс аударушы отбасылардың саны артқан.
«Жыл басынан ауданға оңтүстік өңірден 25 отбасы көшіп келді. Сонымен қатар, ауылдарымызға 24 қандас қоныс аударды. Оларға жергілікті әкімдік тарапынан зор қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, Қулыкөл ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектеп күрделі жөндеу көреді. Маңызды жұмысқа 558 млн теңге жұмсалады. Кішкенекөл ауылындағы білім ұясына су жаңа қазандық қойылды», — деді аудан әкімі.
Өндіріс, денсаулық сақтау, құрылыс, әлеуметтік сала. Әкімнің сөзінше, бұлардың барлығында алға жылжу бар, жетістіктер де жетерлік. Мұрат Абдулов әр пікірін санмен дәлелдеді. Ауданда 250 млн теңгеге мәдени нысандар жөндеу көрген.
Сонымен қатар, ендігі жылы құны 500 млн теңгеден асатын екі спорт сарайы қолданысқа беріледі. Айта кету керек, аталған аймақта білім саласына да ерекше көңіл бөлінген. Бұл саналы ұрпақ тәрбиелеуге зор үлесін қосатыны айдан анық. Сондай-ақ, ауылдарда дұрыс игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары да жақсы жолға қойылыпты. Мәселен, ауданда 18 мың гектар игерілмей жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ауыл шаруашылығы қызметкерлері құрметке бөленді

