Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов келді. Үкімет басшысы өңірдің су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Премьер-министр ең алдымен Сергеев су торабында болды. Онда негізгі ведомстволар мен қызметтердің өкілдері су торабын жөндеу бойынша жағдайды баяндады. Сергеев су торабы Есіл өзені ағынының негізгі реттеушісі болып саналады. Өткен жылғы су тасқыны кезінде Сергеев су торабының төменгі саласында мол көлемдегі су мен мұздың түсуі нәтижесінде сол жағалаудағы топырақ шайылып кетті. Петропавл су торабы зардап шеккен жоқ.
2024 жылы үкімет республикалық бюджеттен гидротехникалық құрылыстарды жөндеуге және Сергеев пен Петропавл су тораптарында су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге 278,5 млн теңге бөлді. Жағалау беткейлерін бекіту үшін 1,4 мың м3-тен астам ірі кесек тастар әкелінді. Сергеев су қоймасының түбін тереңдету жұмысы жүргізіліп, 940 м3 топырақ қоспасы қазып алынды.
«Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин қазіргі уақытта екі су торабы да қанағаттанарлық жағдайда және штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын баяндады. Биыл қосымша 14 іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Өз кезегінде «Қазгидромет» филиалының басшысы Қымбат Мерғалымова жауын-шашын мөлшері әсіресе, оңтүстік және шығыс аудандарда нормадан көп болатынын айтты. Қатты жауын-шашын ақпан айының ортасы мен аяғында, айдың бірінші және екінші онкүндігінде температураның төмендеуі болжануда. Сондықтан Сергеев су қоймасынан төмен орналасқан аудандар үшін су тасқыны қаупі жоғары болып қала береді.
«Сергеев су торабы – су тасқыны қаупі бар аймақтағы стратегиялық нысан, тұрғындарды сумен қамтамасыз етуге де жауапты. Егер судың толу деңгейі 2 метрден асатын болса, орталыққа және жеке маған шұғыл хабарлауды тапсырамын. Өңірдегі су шаруашылығы объектілерін нығайтуды жалғастыру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, батиметриялық түсірілім жүргізуді жүктеймін», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрге жасанды құрылыстар, оның ішінде Сергеев және Петропавл су тораптары бойынша ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылауды күшейту туралы баяндалды. Мәселен, ауыр жүктерге арналған салмақ шектеулері белгіленді, көлік инспекциясының жылжымалы бекеттері жұмыс істейді.
Тағы оқыңыз: Алаяқтарға көмектескен петропавлдықтар 10 жылға сотталуы мүмкін