Тайынша ауданында жыл соңына дейін тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілмек. Қазір мұнда су құбырларын салу бойынша екі ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Олар аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін аудан тұрғындарының 90%-ы ауыз сумен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Тайынша ауданы тұрғындарының 33,5 мыңы немесе 87% колонкалардан су тасып жүр. Бес мың ауыл тұрғыны үшін сумен жабдықтау мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Алайда, биыл проблема шешімін таппақ.
«Су құбырын салу бойынша ірі жобаны жеті мердігер компания жүзеге асыруда. Ол тоғыз елді мекенді қамтып отыр. Оның қатарында: Виноградовка, Донецк, Краснокиевка, Дашко-Николаевка, Зеленый Гай, Новогречановка, Аймақ, Новопречное, Большой Изюм ауылдары бар. Жоба құны 7,6 млрд теңге», — деп жауап берді Тайынша ауданының ТҮКШ бөлімінде Qazaqstan Media тілшісіне.
Өзекті мәселені шешу үшін 2023 жылдан бастап блок-модульдер орнатыла бастаған. Қазір 23-і қойылды. Осы жылдың соңына дейін тағы 11-і тұрғызылады.
Сондай-ақ, ауданда халықты сумен қамтамасыз ету бойынша тағы бір ірі жоба іске асырылуда. Ол Булаев су құбырының төртінші кезегін қайта құрумен байланысты. Оның құны шамамен 10 млрд теңге. Тапсырыс беруші – су ресурстары министрлігі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы облыста сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау бойынша көптеген жобалар аяқталды. Олардың арқасында ауыл тұрғындары тұрақты сумен қамтамасыз етілді. Қазір Солтүстік Қазақстанда ауыл халқының шамамен 97% — ы таза ауыз суға қол жеткізіп отыр.
Алайда, 88 елді мекенде әлі күнге дейін таза ауыз су тартылмаған. Бұл ауылдарда жеті мыңнан астам адам тұрады.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы Nostalgie дәмханасына демалуға барған ер адам пышақ жарақатын алды