Ризабек Айтмұхан Албания астанасы Тиранада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құрама спортшысы 97 кг дейінгі салмақтың финалында ирандық қарсыласы Махди Мұхарамәли Морафаны ұтқан. Осылайша, Ризабек үш түрлі жас санатында әлем чемпионатында алтын алған тұңғыш қазақ палуанына айналды.
«Еліміз менен алтын күткендіктерн, психологиялық түрде қиын болды. Мен өз мақсатыма жеттім деп ойлмаймын. Бірақ, мұнымен тоқтап қалмаймын. Алда әлі Азия, Әлем чемпионаттары болады. Әлі де қазақ елін қуантамын деген ойдамын»,-деді жеңісінен кейін «Qazsport» берген сұхбатында Ризабек Айтмұқан.
Еске сала кетейік, Ризабек былтыр Белградта ересектер арасында, 92 кг дейінгі салмақта чемпионат атанған болатын. Ал биыл Испанияның Понтеведра қаласында 20 жасқа дейінгі палуандар арасында әлем чемпионы атанған.
Осы жолғы жарыста жерлесіміз үш белдесу өткізіп, алғашқысында Каллум Уильям Нокты (Канада), сосын Владислав Козловты (Бейтарап атлет) таза жыққан. Ал жартылай финалда Шамиль Имам Гаджалиевтен басым түскен.
Солтүстіктен шыққан чемпион Ризабек Айтмұханды жеңісімен облыс әкімі құттықтады.
«Біздің балуан Ризабек Айтмұханды 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Ризабек үш дүркін әлем чемпионы атанды. Балуанның табандылығы мен күш-жігері ел намысын қорғауда үлгі боларлық. Ризабек Қазақстанның атын асқақтатып, жас ұрпаққа жол көрсетті. Болашақта жеңімпазға спорт әлемінде биік белестерді бағындыруға тілектеспін», — деп жазды өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Республика күні атап өтілді