«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында СҚО-да өңірлік жоспар қабылданып, 47 түрлі шара өткізілмек. Бұл туралы СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «СҚ жоғары кәсіби-педагогикалық колледж», «Е. Даутов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі» және «Б. Әшімов атындағы машина жасау және көлік колледжіне» барып, оқытушылар және студенттермен кездесті. Әңгіме барысында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясындағы міндеттерді жүзеге асыру мәселесі талқыланды.
«Облыста «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өңірлік жоспар қабылданып, 47 түрлі шара өткізілмек. Мемлекет жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы мәртебесін өсіруге, жастарға кәсіби бағдар беруге ден қояды. Мектеп түлектері жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсініп, оларды болашақ кәсібі ретінде таңдауы өте маңызды. Сонымен қатар, жұмысшы мамандарды еңбекпен қамту да маңызды», — делінген жазбада.
Облыста 24 колледж бар, олардың 13-і жұмысшы кадрларды даярлайды. 11 мың студенттің 3,8 мыңы жұмысшы мамандықтарында білім алады. Колледждер заманауи қондырғылармен жабдықталған, бұл студенттерге сапалы білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді.
«Бүгінде еңбек нарығында механизатор, инженер, электрик, токарь, құрылысшы, дәнекерлеушілер сұранысқа ие. Осы мәселені шешу үшін колледждерге жұмысшы мамандықтары бойынша қосымша 105 грант бөлініп, оның жалпы саны 1742 жетеді. Дуальды оқыту бойынша студенттер саны 2,6 мыңнан 3 мыңға дейін көбейтілмек. Осы бағдарлама аясында колледждер 300-ден астам кәсіпорынмен ынтымақтасып, бір мыңнан астам келісімшарт жасады», — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Тағы оқыңыз: СҚО полицейлері жолда қалған мұғалімдерге көмектесті