Солтүстік Қазақстанда 500-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар. Олардың 50-ден астамы, яғни әрбір 10-шысы ғана белсенді жұмыс істейді. Бұл туралы Петропавлда өткен XI Азаматтық форумда айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Азаматтық қоғам – саяси үкіметке тәуелсіз жұмыс істейтін және оған ықпал жасауға қабілетті әлеуметтік қатынастар мен институттар жиынтығы; дербес жеке адамдар мен әлеуметтік субъектілер қоғамдастығы. СҚО-ның азаматтық альянсы 2005-ші жылы құрылған. Қазіргі таңда облыста 500-ге жуық Үкіметтік емес ұйым бар. Олардың 50-ден астамы ғана белсенді түрде жұмыс атқарып келеді. Басым бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі. Ерекше қажеттілігі бар балалармен де жұмыс істейді. Сондай-ақ адамның құқығын қорғайды. Түрлі тақырыпта семинарлар өткізеді. Бүгінде облыстық азаматтық альянс аудандарда да үкіметтік емес ұйымдарды дамыту бағытында біраз жұмыс атқарып жатыр.
«Бүгінде облыс бойынша түрлі бағыт-бағдарда жұмыс істейтін 466 ҮЕҰ бар. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыруды жылдан жылға арттырып келеміз. Мәселен, 2022-ші жылы СҚО бойынша 228 млн теңгені құрайтын 94 жоба қолға алынса, биыл 303 млн теңгеге 97 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда үкіметтік емес сектор элеуметтік сипаттағы мәселелерді қарайтын кеңестерге белсенді қатысып жүр», — дейді облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов.
Азаматтық форумға қатысқан ұйымдар диалог алаңында өз жұмыстары жайында айтып беріп, әріптестерін жүзеге асырған жобаларымен таныстырды.
«Қазақстанның болашағы» бірлестігі пікір сайыс технологиясын пайдаланып жастармен жұмыс істеп жатыр. Бүгіндері 5 мыңға жуық клуб аштық. Алдағы уақытта нашақорлықпен күресу үшін телеграм-бот жасап шығармақшымыз», — дейді «Болашақ Қазақстан» ҚСБ төрағасы Рүстем Арманов.
Форум барысында қатысушылар бірнеше тақырыптық диалог алаңына қатысуға мүмкіндік алды. Бірінде, азаматтық қоғамның мемлекетпен әрекет етуінің жаңа амалдары талқыланса, екіншісінде, ауылды жерлерде үкіметтік емес ұйымдарды дамыту мәселесі қарастырылды. Соңғысы біздің өңір үшін аса өзекті дейді ұйымдастырушылар.
Тағы оқыңыз:Биыл СҚО-да 18 жәбірленушіге өтемақы төленді