Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Салтанатты шара барысында адал еңбек етіп жүрген сала мамандары марапатталды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жыл сайын қазанның соңғы жексенбісі Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің төл мерекесі аталып өтіледі. Бұл — қиын және игі іс. Аталмыш салада еңбек ету үшін төзімділік, ізгілік пен адамгершілік қасиеттер қажет. Олар мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетіп келеді.
«Бүгінгі таңда облыста 2,5 мың маман әлуеметтік қызмет саласында еңбек етіп жүр. Олар өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Алдымен, ол — қарттарымыз, мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар мен көпбалалы аналар. Тұрмысы төмен отбасылар да назардан тыс қалмайды. Өңірімізде ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарға үлкен әлеуметтік көмек көрсетіліп жүр. Өңірде ондай 25 мың адам тұрады. Сіздерге еңбектеріңіз жемісті болсын деп тілеймін», — деді құттықтау сөзінде СҚО әкімдігі аппаратының жетекшісі Руслан Әлішев.
Кәсіби мерекесі қарсаңында Беркімбай Уәлиев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасына ие болды. Ол Мамлют аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жетекшілік етеді. Сегіз жылдан бері аталмыш бөлімге басшылық етіп отырған азамат, жұмыстың қызығы мен қиындығына қатар төзіп келеміз дейді.
«Бөлімде 59 адам жұмыс істейді. Әлеуметтік қызмет саласында 44 жұмысшы бар. Олар жалғызбасты 194 зейнеткерге қызмет көсретеді. Мамандарымыздың басым бөлігінде еңбек өтілі 10-15 жылды құрайды. Барлығы да өз жұмыстарын, міндеттерін біледі. Жауапты қарайды. Көмекке мұқтаж жандардың барлығына да қол ұшын созып келеміз. Біздің жұмыста бастысы шыдамдылық және мейірімділік қажет», — дейді Беркімбай Уалиев.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық Sensitive би ансамблі тағы да үздік атанды