Солтүстік Қазақстан облысында жастарды бопсалап келген үш жігіт сотталып, жазаларын өтеп жатыр. Олар жұртты қорқытып-үркітіп, несие рәсімдеуге көндірген. Сотталғандардың екеуі бұрындары істі болған, деп жазады Qazaqstan Media.
СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерінің назарына облыс орталығының аумағында бопсалаумен, алаяқтықпен және тонаумен айналысқан топ түседі. Олар наурыз айында жас жігітті бөгет ауданындағы айдалаға апарып, пышақпен қорқытып, телефонынан 120 мың теңгеден астам сомаға шағын несиелер ресімдеген. Кейін қылмыскерлер жәбірленушіден несиені өтеу үшін қажет деп 140 мың теңге тұратын Realme телефонын алған. Тағы бір зардап шеккен тұрғын, бірінші жәбірленушінің танысы болып шықты. Өзін ортақ таныстар ретінде көрсете отырып, 22, 19 және 17 жастағы сотталғандар оны да несие рәсімдеуге мәжбүрлейді.
Ал сәуір айында қылмыскерлердің кенжесі, 17 жастағы петропавлдық өзінің танысын, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы зорлық-зомбылықпен тонап, оның телефонын тартып алды.
«Бұл қылмыстарды ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел түрде анықтады. Содан кейін көктемде қызметкерлер жастардың қылмыстық әрекеттерін тоқтатты. Мұқият тергеуден кейін материалдар сотқа жіберілді. Қазіргі уақытта қылмыскерлердің үлкені 4 жыл 8 ай, кішісі 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылып, жазаларын өтеуде. Олардың екеуі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олармен бірге болып, жүргізуші рөлін атқарған серіктесіне сот 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу, сондай-ақ 100 сағаттық мәжбүрлі жұмыс түрінде жаза тағайындады», – деді СҚО ПД бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Тағы оқыңыз: СҚО-да кейбір шаруа қожалықтары егін орағын аяқтады