СҚО-да биыл 3500 астам қыз балаға адам папиллома вирусына қарсы екпе салынады

Биылғы жылдың үшінші тоқсанында 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцинация қою басталады. Бұл Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сай жүргізілмек. Облыста биыл 3638 қызға аталмыш екпе қойылмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Адам папиллома вирусы – сүйелдердің себебі болатын вирустардың кең таралған тобы. Бұл вирустың жүзден астам түрі бар. Олардың көпшілігі қауіпсіз, тек 30-ға жуық түрі қатерлі ісіктің даму қаупін арттырады. Статистикалық деректер бойынша, орташа есеппен жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, жылына 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады екен. Сол себепті биылдан бастап 11 және бұл жастан асқан қыздарға вакцина жүргізу жоспарланған. Екпеге дейін бұл вирустан туындаған аурулардың бар-жоғын тексеру міндетті емес екен.

«Иммундауды жүргізудің өз тәртібі бар. Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, 11 жастағы қыздарға екпе қою екі кезеңде жүргізіледі. Иммундаудың бірінші дозасы медициналық ұйым тағайындаған күні алынады, екінші дозасын – бірінші иммундауды алғаннан кейін 6 айдан кейін салады», — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.

Мамандардың сөзінше, адам папиллома вирусынан туындаған қатерлі ісіктің алдын алудың жалғыз жолы ол — вакцинация. Екпенің тиімділігі 91-100% құрайды екен. Егер адам аталмыш вирусты тасымалдаушымен байланысқа түспеген болса, бұл вакцинацияның максималды пайдасы 15 жасқа дейін. Дегенмен, вакцинация адам папилома вирусының ағзаға енуінен қорғамайды. Бірақ 16 және 18 типті, яғни олар жатыр мойны, жұтқыншақ, сыртқы жыныс мүшелерінің және т.б. қатерлі ісігінің даму қаупін айтарлықтай төмендететін көрінеді.

«11 жастағы қыздарға вакцинация дәрігердің қарауынан кейін ата-аналарының немесе қамқоршыларының келісімімен қойлады. Егер ешқандай қарсы көрсетілімдер болмаса екпе жүргізу ұсынылады. Вакцина тегін білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде қолжетімді болады. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша тіркелген жері бойынша емханалардан да алуға болады. Қазақстанда Merck Sharp, АҚШ өндірісі, төрт валентті «Гардасил» вакцинасымен адам папиллома вирусына қарсы вакцинация жүргізу жоспарлануда. Бұл вакцина 6, 11, 16 және 18 типті адам папиллома вирусынан туындаған аурулардың алдын алуға арналған», — дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының сөзінше, 2024-2027 жылдарға республикалық бюджеттен екі дозалық вакцинаны алуға 202 459 мың теңге қаражат бөлу жоспарланған. Жоспарға сай облыста биыл бұл екпе 3 638 қызға қойылмақ.

Тағы оқыңыз: Петропавлда биыл алимент төлеуден жалтарған 22 борышкер жазаланды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x