Солтүстік Қазақстан облысында қараусыз жүрген мал кесірінен болатын жол-көлік оқиғасының саны артуда. Мұндай жағдай полиция қызметкерлерін алаңдатып отыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
22-ші қазанда Айыртау ауданында бір түнде осындай екі факті тіркелді. Алғашқысы Саумалкөл-Новоишим облыстық маңызы бар автожолда болған. 29 жастағы Kia Rio автокөлігінің жүргізушісі жолда жүрген жылқыны соғып кеткен.
Ал екінші жағдайда көкшетаулық 65 жастағы зейнеткер Toyota Hilux машинасымен екі бірдей жылқыны соққан. Оқиға Бірлестік ауылының маңындағы жергілікті маңызы бар жол бойында тіркелген.
Екі жағдайда да ешкім зардап шеккен жоқ. Тек машиналар ғана зақымданған.
Ал бір апта бұрын М. Жұмабаев ауданының аумағында Hyundai Creta көлігінің жүргізушісі екі сиырды соғып кеткен.
«Полиция қызметкерлері жүргізушілерге түнгі уақытта жолда абай болу керектігін ескертеді. Қиын учаскелерде, елді мекендерге жақын жерлерде, «мал айдау» белгілерін орнату орындарында жылдамдықты төмендету қажет», — деп отыр СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.
Тағы оқыңыз: СҚО-да іздеуде жүрген ресейлік қылмыскер ұсталды